Статистикаға қарағанда Қазақстанның Кедендік одаққа кіргендегі сауда көлемі артқан - ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының Вице-президенті
АЛМАТЫ. 12 қараша. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Қазақстанның Кедендік одаққа кіруі өте көрегендік іс болды. Бұл жайында бүгін ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының Вице-президенті Татьяна Жданова Алматыдағы "Сатушылар мен сатып алушылар" кездесуі барысында ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Т.Жданова Кедендік одаққа байланысты мәселелерді шешу үшін кәсіпкерлермен жиі кездесіп тұратындығын айтады. "Кәсіпкерлермен пікірлескенде олардың кейбірі одаққа кіруді онша құптай қоймады, дегенімен статистика сауда мөлшерінің өскендігін көрсетуде. Сондықтан мемлекет басшыларының мұндай шешім қабылдауы ойлы іс болды. Қазіргі ғаламдық бәсекелестік жағдайында сауда нарығын кеңейту ел экономикасы мен бизнесі үшін өте маңызды", - дейді Вице-президент.
Сонымен қатар ол статистика деректерінше соңғы уақытта ресейлік кәсіпкерлер Қазақстанға ауысып жатқандығын жеткізді. Оның айтуынша бізде бизнесті жүргізуге барынша жағдай жасалған. Сондықтан шетелдік азаматтардың көбі мұнда кәсіппен айналысу тыныш және тиімді деп санайды екен.
"Жалпы алдағы уақытта Кедендік одақ аясында тек сауда-саттық қана жүргізілмей, әр ел азаматтары жұмыс қажеттіліктерін де өтей алады деп ойлаймын. Яғни, Ресейде жұмысшылар тапшы болса біздің елдің азаматтары сонда барып жұмыс істей алады", - деп атап өтті өз сөзінде Татьяна Жданова. Оның айтуынша, қазір кәсіби мамандарды дайындау алға қойылып, басшылықта талқылануда екен. Осы тұрғыда ресейліктер біздің азаматтарды КТУ-де оқытуға даяр екендіктерін жеткізген. "Мұның бәрі Кедендік одақ аясында атқарылып жатқан істер, содықтан бұл одаққа кіру біз үшін тиімді және Қазақстанның игілігі үшін жасалған деп ойлаймын", - деді Т.Жданова.