«Странджа» кубогі: Бекзад Нұрдәулетов жартылай финалға шыға алмады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Болгария астанасы София қаласында өтіп жатқан халықаралық «Странджа-2023» турнирінде 24 ақпанда ширек финалда қазақстандық Бекзад Нұрдәулетов қарсыласына есе жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық турнирде қазақстандық боксшы 80 келі салмақта өзбекстандық Джасурбек Юлдошевпен қолғап түйістірді. Төрешілер шешімімен өзбекстандық жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Осылайша Бекзад Нұрдәулетов мамандар арасында кіші әлем чемпионаты ретінде бағаланатын турнирде медальге қол жеткізе алған жоқ.

Ол 2019 жылы әуесқойлар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль алды. Қазір кәсіпқой бокста да сынға түседі. Алты жекпе-жегінің барлығында жеңіске жетті.

Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық екі боксшы жартылай финалға шықты.

Аталған турнирге ел құрамасынан барлығы 13 боксшы барған еді.

Соңғы жаңалықтар
telegram