Стратегиялық геологиялық мәліметтерді қорғау күшейтіледі – Еділ Жаңбыршин

АСТАНА. KAZINFORM – Жақында Парламент Мәжілісі пайдалы қазба кеніштерін барлауға өтініш беру тәртібін оңтайландыратын заң жобасын бірінші оқылымда қарап, мақұлдады. Сәрсенбідегі палатаның жалпы отырысында депутаттар осы құжатты екінші оқылымда талқылайды. Осы орайда жер қойнауын пайдалану саласында ашықтықты күшейтуге бағытталған заң жобасы бойынша Мәжілістегі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршиннің пікірін көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.

Еділ Жаңбыршин
Фото: Т.Таныбаев

Бірыңғай платформаны жекешелендіруге тыйым салынады

– Осы заң жобасы Мемлекет басшысының Жолдауларына негізделіп әзірленгені белгілі. Онда жер қойнауына қол жеткізудің ашықтығын арттыру үшін қандай маңызды қадамдар ескерілген? Жаңа инвесторларды тарту процесін барынша ашық ету бағытында не өзгереді?

Кез келген интерактивті саяси жүйесі бар мемлекет инвесторларға әділ бәсекелестікті, ашықтықты және түсінікті ережелерді қалыптастыруы қажет. Осыған орай заң жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында айтылған тапсырмаларды орындауға, оның ішінде жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын заңдастыруға бағытталған.

Заң жобасында енгізілетін негізгі жаңалықтарға тоқталсақ, Бірыңғай платформа арқылы блоктарға өтінімдер тікелей беріледі, екі кезең қағидаты жойылады. Барлау және өндіру саласындағы барлық негізгі қызметтер цифрландырылып, ақпарат жүйеленеді. Бірыңғай платформа мәртебесі тиісті Кодексте бекітіліп, лицензиялар мен олардың шарттары ашықтық қағидаттарына сәйкес беріледі. Бұрынғы пайдаланушылардың құқықтары тоқтаған блоктар бірыңғай платформа арқылы айналымға енгізіледі. Бір мезетте түскен өтінімдер үшін электрондық аукцион өткізіледі. Жалпы айтқанда, жер қойнауына қатысты бүкіл бизнес-процестер цифрландыруға көшеді.

«Ұлттық геологиялық қызмет» бірыңғай платформа операторы ретінде және геологиялық ақпаратты басқарушы орган ретінде Кодексте бекітіледі. Оның жекешеленуіне тыйым салынады, барлық деректер мен платформа мемлекеттік меншік ретінде қалады. Бұл еліміздің барлық геологиялық ақпаратын біріктірілген орталықтан басқаруға мүмкіндік береді.

Жер қойнауын пайдалану саласында талаптарды бұзғаны үшін белгіленетін жазаны қатаңдату нормалары енгізіліп жатыр ма?

Иә, заң жобасында жер қойнауын пайдалану талаптарын бұзғаны үшін құқықтық жауапкершілікті күшейту нормалары қарастырылған. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекске» (79-бап) енгізілетін өзгерістерге сәйкес, заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік қатаңдатылады. Сонымен қатар, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс» 349-1-баппен толықтырылу көзделген.

Бұл бап бойынша жер қойнауын пайдаланушылар есептерде немесе басқа құжаттамада ақпаратты жасырса немесе жалған мәлімет берсе, бұндай әрекеті үшін айыппұл салынады. Мұнымен қоса, егер барлау операциясы кезінде қазып алынған шығарындының көлемі 1000 текше метрден асса және бұл әрекет құзыретті органның рұқсатынсыз жүзеге асырылса, жер қойнауын пайдаланушының әрекеті дереу тоқтатылады.

Тағы бір жаңа талап - аукцион ауқымы кеңейтіліп, жеңімпаздар лицензия берілмес бұрын бонус төлеуге міндетті болады. Төлемеген тұлғалар мен олардың бенефициарлары 5 жыл бойы жер қойнауын пайдалану құқығынан айырылады.

Осылайша, заң жобасы ақпаратты жасырған немесе дұрыс емес мәлімет берген тұлғаларға ғана емес, рұқсатсыз жер қойнауын пайдаланғандарға және аукцион тәртібін орындамағандарға да қатал шараларды қолдануды көздейді.

Сонымен қатар бұл салада жұмыс істемейтін жобалар мәселесі қалай шешілмек?

Салада жұмыс істемейтін жобалар мәселесі заң жобасында қарастырылған. Министрлік жер қойнауын пайдаланушылардың лицензиялық және келісімшарттық міндеттемелерін тұрақты түрде мониторингілейді. 2022–2024 жылдар аралығында бұл бақылау нәтижесінде 675 объект бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылды. Оның арасында 109 барлау келісімшарты, 31 өндіру, 24 барлау мен өндіруді қоса атқаруға арналған келісімшарт және 511 лицензия (оның 510-ы барлау, ал біреуі өндіру) қамтылған.

2025 жылдың басынан бері қосымша 8 келісімшарт және 29 лицензия тоқтатылды. Тоқтатылған объектілердің 441-і бойынша тексеру немесе жою актілері жасалып, бірыңғай кадастрға енгізілген, бұл олардың кейіннен басқа тұлғаларға берілуіне мүмкіндік береді. 4 кен орны аукцион арқылы пайдалануға берілді.

Қалған 221 келісімшарт пен лицензия бойынша Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жер қойнауын пайдаланудың салдарын жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл процесс белгіленген тәртіппен жалғасып жатыр.

Осы шаралар арқылы саладағы жұмыс істемейтін жобалардың мәселесі шешіліп, лицензиялық құқықтардың тиімді пайдалануына кепілдік беріледі.

Цифрландыру ашықтықты арттырады

Қазір кез келген салаға цифрландыруды енгізудің маңызы артып келеді. Осы орайда жер қойнауын пайдалану реформасын нығайтуда қандай жаңалықтар болады?

Қазіргі таңда жер қойнауын пайдалану реформасын нығайту аясында геологиялық ақпаратты цифрландыру және жер қойнауы туралы деректердің Бірыңғай ұлттық қоймасын құру жұмыстары белсенді жүргізіліп отыр. Бірыңғай платформада қазіргі уақытта 66 180 геологиялық есеп және 109 522 зерттелген контурдың географиялық байланысы орналастырылған, ал 3,3 миллион бастапқы геологиялық ақпарат цифрланды, бұл жалпы көлемнің 73 пайызын құрайды.

2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 4,7 миллионға (97 %) жеткізу жоспарланып, ал 2026 жылы толық цифрландыру арқылы 100 пайыздық қамтуды қамтамасыз ету ескеріліп отыр. Ақпаратты өңдеу процесін жеделдету мақсатында жасанды интеллект элементтері енгізіліп жатыр, яғни техникалық тапсырма әзірленіп, Astana Hub платформасында конкурс жарияланған. Жобаны іске асыру 2026 жылы басталып, 2028 жылы аяқтау жоспарланған.

Осылайша, цифрландыру реформасы деректерді электрондық форматқа көшіруді аяқтап, Геологиялық мәліметтердің Бірыңғай порталы арқылы толық қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Бұл жер қойнауын пайдаланудың ашықтығын арттырып, жаңа инвесторларды тартуға мүмкіндік береді.

Қатты пайдалы қазбаларды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру сылтауымен жасырын өндіру деректері анықталып жатады. Бұл тұрғыда пайдалы қазбаларды заңсыз өндіруге тосқауыл қоюдың қандай тетіктері ұсынылды?

Қатты пайдалы қазбаларды тәжірибелік-өнеркәсіптік жұмыстардың атын жамылып, заңсыз өндіру фактілерін болдырмау үшін заң жобасында нақты тетіктер ұсынылды. Енді 1000 текше метрден асатын кез келген тау массасын алу тек қатаң негізделген және құзырлы органның рұқсаты бойынша жүзеге асырылуы тиіс. Бұл талап бұзылған жағдайда, жұмысты заңсыз өндіру деп тану көзделіп, лицензияны дереу қайтарып алу шарасы қолданылады.

Биылғы 14 сәуірде Үкімет арнайы қаулы қабылдап, мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар тиісті бақылау жұмыстарын жүзеге асырады. Егер рұқсат құжаттары (жер сервитуты, экологиялық рұқсат, келісілген барлау жоспары, 1000 м³-ден асатын тау массасын алу рұқсаты) болмай, жер қойнауын пайдалану жұмыстары жүргізілген болса, лицензияларды қайтарып алу және келісімшарттарды бұзу шаралары қабылданады. Сонымен қатар, келтірілген залал үшін өтемақы мөлшері 10 есеге артады.

Заң жобасы аясында пайдалы қатты қазбалар саласындағы индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруға бақылау күшейтіле ме?

Заң жобасы аясында пайдалы қатты қазбалар саласындағы индустриялық-инновациялық жобаларды бақылау күшейтіледі. Министрлік өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері ретінде жер қойнауын пайдалану құқығын алған жобаларға тұрақты мониторинг жүргізіледі.

Қазіргі кезде 63 жобаның 10-ы толық жүзеге асырылған, 28-і белгіленген мерзімде орындалып жатыр, 13-і кешіктірілген, ал 12 жоба бойынша құқықтар тоқтатылып, учаскелер қайтадан инвесторларға ұсынылды. Жыл басынан бері 40 жоба тексеріліп, 20 жобада талапты бұзу деректері анықталып, айыппұл салынды, ал 5 жоба бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылды.

Заң жобасына енгізілген түзетулерге сәйкес, жер қойнауын пайдалану құқығын алу үшін жоба Индустрияландырудың бірыңғай картасына енгізілуі керек. Сондай-ақ өнеркәсіптік саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына шығарылуы қажет. Мұнымен қоса, Мемлекет басшысының мақұлдауын алуы тиіс.

Егер өнеркәсіптік-инновациялық жоба іске аспаса, лицензия кері қайтарылады, ал құқықты басқа тұлғаға беру тек өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектісіне рұқсат етіледі. Барлық процес Бірыңғай платформа арқылы электрондық форматқа көшіріліп, жүйенің ашықтығы қамтамасыз етілді. Мониторинг тетіктері күшейтіліп, жер қойнауын пайдаланушы жыл сайын тек өндіріс көлемі бойынша емес, қайта өңдеу міндеттемелерін орындау, жұмыс орындарын құру және ішкі нарықты қамтамасыз ету жөнінде есеп беруге міндетті. Бұл талаптар орындалмаған жағдайда, лицензия автоматты түрде кері қайтарылады.

Барлық геологиялық ақпарат мемлекет меншігінде болады

Құжат жобасын Парламент Мәжілісінде талқылау барысында депутаттар енгізген маңызды ұсыныстарға тоқталсаңыз...

Парламент Мәжілісінде заң жобасын талқылау барысында депутаттар бірнеше маңызды ұсыныс енгізді. Атап айтқанда, лицензияның қолданылу мерзімі тоқтатылғаннан кейін, тиісті участок автоматты түрде жүйеге қайтарылады. Егер он бес күн ішінде бірнеше өтінім түссе, электрондық аукцион өткізіледі. Бұл әділ бәсекелестікті қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелін азайтады.

«Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ геологиялық ақпаратты өңдеу және ұсыну жөніндегі ұлттық оператор болып белгіленеді. Ол стратегиялық маңызды функцияларды орындайды: мемлекеттік геологиялық деректер мен керн материалдарын сақтау, жүйелендіру және жер қойнауының цифрлық қорларын жүргізу, Қазақстанның минералдық-шикізаттық егемендігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей қатысады.

Заң жобасында «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ-ны жекешелендіруге тыйым салу нормасы бекітіледі. Бұл мемлекеттік меншік құқығын сақтау үшін қажет, себебі Бірыңғай платформадағы барлық геологиялық ақпарат мемлекеттік меншікте болады.

Түзетулерде «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ жекешелендіруге жатпайды» және «геологиялық ақпараттарды жинақтау, сақтау және есепке алу уәкілетті органның құзыретінде болады» деген нормаларды нақты көрсету ұсынылды. Бұл мемлекеттің стратегиялық геологиялық мәліметтерін қорғауға және қоғамның заңды қызығушылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 12 қарашада Мәжіліс «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Соңғы жаңалықтар