Стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейі: Қазақстан Президентінің Ресейге сапары қалай өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге мемлекеттік сапары аясында Ресей басшысы Владимир Путинмен маңызды келіссөздер өткізіліп, тарихи құжатқа қол қойылды. Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастыққа бағытталған декларация екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтермек. Экономика, энергетика, көлік-логистика, білім беру, мәдениет және инфрақұрылым салалары бойынша нақты келісімдер жасалып, екі ел арасындағы тұрақты ынтымақтастықтың негізі бекітілді. Kazinform аналитикалық шолушысы сапар нәтижесін сараптап көрді.
Мемлекеттік сапардың бейресми бөлігі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге мемлекеттік сапары екі ел арасындағы сенімді және тұрақты дипломатиялық қатынасты айқын көрсетті. Қазақстан Президенті көрші елге 23-ші рет ат басын бұрып отыр және алғаш рет дипломатиялық дәрежесі ең жоғары мемлекеттік сапармен барды.

Ресей астанасы Қазақстан Президентінің сапарына тыңғылықты дайындалған. Бұны ерекше безендірілген Мәскеу көшелерінен де байқауға болатын.



Ресей астанасына барған сәтте Мемлекет басшысы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының студенттерімен кездесті. Жастар қазақ тілінде сөйлеп, Абай Құнанбайұлының шығармашылығына қызығушылық танытатындарын айтты.

Президент Тоқаев жастардың қазақ тілін үйренуге деген ынтасын жоғары бағалап, оларға табыс тіледі.

Кешкі кездесу кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Кремльде бейресми жағдайда 2,5 сағаттан астам әңгімелесті. Бұл кездесу ресми рәсімдерден тыс, еркін форматта өтті. Әңгіме жылы және достық атмосферада өрбіді.

Нақты пайда әкелген келіссөздер
Сапардың екінші күні ресми іс-шараларға толы болды. Мемлекет басшыларының келіссөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинді ендігі жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Бұл шақыру Ресей басшысы тарапынан қабылданды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясыныңқарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойды.
Сонымен қатар, екі Президент бұқаралық ақпарат құралдарына бірлескен мәлімдеме жасап, Қасым-Жомарт Тоқаев декларацияның тарихи маңызын атап өтті:
- Бұл құжат халықтарымыз арасындағы мызғымас өзара сенім мен ынтымақтастықтың келешегі кемел екенін көрсетеді... Қазақстан Ресей Федерациясының өркендеуіне шын мәнінде мүдделі. Бүгінгі келіссөздер нәтижесін жоғары бағалаймын. Кездесуіміз ашық әрі сенімді рәуіште өтті және нақты пайдасын берді, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент барлық деңгейде қарқынды диалогты қолдауға уағдаласқанын айтып, өнеркәсіп, энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, жоғары технологиялар, цифрландыру, гуманитарлық ықпалдастық және жаңа инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылғанын жеткізді.
Қазақстан–Ресей: стратегиялық серіктестік пен сенімділік деңгейі жаңа белеске көтерілді
Саясаттанушы Қазбек Майгелдинов Мәскеудегі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапарындағы басты оқиға ретінде көрші мемлекетпен кешенді стратегиялық әріптестік пен одақтастық туралы декларацияға қол қойылғанын атап өтті. Бұл құжат бірнеше салаларда тығыз ынтымақтастыққа және бірлескен қадамдар жасауға негіз болады.
Қ.Майгелдинов атап өткендей, Қазақстан көпвекторлы саясатты ұстанып, Ресеймен қарым-қатынасты дамытып қана қоймай, басқа мемлекеттермен де байланысын сақтайды. Энергетика, газдандыру, транзиттік дәліздер мен инфрақұрылым мәселелері стратегиялық маңызға ие.
- Мәскеудегі кездесу Қазақстанның геосаяси шеберлігін көрсетеді. Біз Ресеймен стратегиялық одақтамыз, бірақ Батысқа да ашықпыз. Аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, ірі державалардың қақтығысына тартылмай, тәуелсіз саясат жүргізу – басты мақсатымыз, – деді сарапшы.

Аталған стратегиялық құжат бүгінгі кездесуде қол қойылған жалғыз келісім емес. Қазақстан мен Ресей президенттерінің қатысуымен үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарды алмасу рәсімі өтті. Осы шарада 13 келісім мен меморандумға қол қойылды, олар экономикалық ынтымақтастық, темір жол және автокөлік тасымалы, көлік қауіпсіздігі, ғарыш жобалары, консулдық ашу, санитарлық және экологиялық ынтымақтастық, білім беру және пошта салаларын қамтиды. Енді осы ынтымақтастық бағыттарын тарқатып көрейік.
Екіжақты тауар айналымын 30 млрд долларға жеткізу мақсаты қойылды
Президенттердің бүгінгі келіссөздерінде экономика саласына ерекше басымдық берілді. Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық байланыстар стратегиялық маңызға ие. 2024 жылы екіжақты сауда айналымы 28 млрд долларға жеткен, ал биылғы 8 айда 17 млрд доллардан асты. Алдағы кезеңде оны 30 млрд долларға жеткізу жоспарланып отыр.

Ресейден Қазақстан экономикасына құйылған инвестиция көлемі 27 млрд доллардан асты, ал Қазақстанның Ресейге салған капиталы 9 млрд долларға жетті. Қазіргі таңда екі елде 20 мыңнан астам бірлескен компания жұмыс істеп, 175 жоба жүзеге асырылуда.
Көлік-транзит және логистикадағы маңызды келісімдер
Президенттер Солтүстік–Оңтүстік, Транскаспий халықаралық көлік бағдары, Аягөз–Бақты, Достық–Мойынты теміржол желілері мен басқа жобаларды кезең-кезеңімен кеңейтуге уағдаласты. Сонымен қатар, трансшекаралық логистика инфрақұрылымын жақсарту және шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмысын жетілдіру маңызды екені атап өтілді.

«Трансалтай диалогы» бастамасы да одан әрі ілгерілетіледі. Бұл формат Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия арасындағы тату көршілік пен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтетін алаң болмақ.
Атом энергетикасына білікті кадрлар қажет
Энергетика саласында Қазақстан мен Ресей «Росатом» компаниясының қатысуымен атом электр стансасын салу жобасын іске асыруға дайындық жұмыстарын бастады. Бұл бастама тек энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға ғана емес, жаңа технологиялық және ғылыми салаларды қалыптастыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Қазақстан «Росатом» бастаған халықаралық консорциуммен бірлесіп, бірінші атом электр стансасының құрылысына кірісті. Жобаны сәтті жүзеге асыру жоғары білікті мамандарға тәуелді. АЭС құрылысына алты мыңға жуық жұмысшы және үш мыңнан астам орта буын маманы жұмылдырылады. Осыған байланысты атом саласындағы кадр әлеуетін күшейту Қазақстан үшін басым міндетке айналды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалының ашылуы – осы ынтымақтастықтың нақты дәлелі.
Білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастық
Айтпақшы, білім беру саласында екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы байланыстар да кеңейіп келеді. Қазіргі уақытта 1453 келісімшарт жасалған, олар қос дипломдық бағдарламалар мен бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын жүзеге асыруға бағытталған. Қазақстанда Ресей университеттерінің тоғыз филиалы табысты жұмыс істеп, төрт мыңға жуық студент білім алуда.
Қазақстан мен Ресей білім беру саласында тығыз байланыс орнатты. Ресейдің тоғыз жетекші жоғары оқу орны елімізде филиал ашып, жастардың кәсіби дамуына және мәдени-гуманитарлық байланыстарға мүмкіндік берді. Мысалы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Омбыдағы филиалы мен МГИМО-ның Астанадағы филиалы биыл ашылды. Сонымен қатар, Ресейдің медициналық жоғары оқу орнының Қазақстандағы өкілдігін ашу мәселесі пысықталып жатыр.
Екі елдің стандарттарына сәйкес мектептер салу жобалары іске асырылуда. Алматыда ресейлік «Сириус» мектебінің филиалы ашылып, оқушыларға жаңа білім алу мүмкіндігі беріледі.

Қазақстан мен Ресей мәдени-гуманитарлық салада да тығыз байланыс орнатты. Екі елдің өнер қайраткерлері мен спортшылары үшін гастрольдер, көрмелер, концерттер мен жарыстар жиі ұйымдастырылады. Жуырда Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері табысты өтті, ал бұған дейін ел өнері Якутия мен Қазанда таныстырылды.

Биыл мамырда Астанада «Қазақстан мен Ресейдің мәңгілік достығы аллеясы», ал кеше Мәскеуде «Қазақстан-Ресей достығы сквері» ашылды. Сонымен қатар, Мәскеудің бір көшесіне қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановтың есімі беріліп, бұл екі ел арасындағы тарихи және мәдени байланыстардың символы болды.

Мәдени ынтымақтастық аясында Мәскеуде Қазақ ақпараттық-мәдени орталығын ашу жоспарланып отыр. Бұл жобалар қазақ өнері мен мәдениетін танытуға және елдер арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған.

Өнер демекші, ресми кездесулерден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Мәскеудегі Үлкен театрда Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері аясындағы гала-концертті тамашалауға барды.

Өңіраралық ынтымақтастық форумы
Қазақстан мен Ресей Президенттері XXI өңіраралық форумның пленарлық сессиясына бейнебайланыс арқылы қатысып, стратегиялық серіктестікті және ынтымақтастықты талқылады. Биылғы форумның тақырыбы – «Жұмысшы мамандықтары – экономикалық өсімнің қозғаушы күші».

Мемлекет басшылары форумның экономикалық, инфрақұрылымдық және гуманитарлық жобаларды қалыптастырудағы рөлін атап өтті. Президент Тоқаев осындай алаңдар жаңа жобалардың дүниеге келуіне мүмкіндік беретінін, олар кейін аймақтарда жүйелі түрде жүзеге асатынын жеткізді. Әсіресе өңірлерде экономикалық өсім мен өндірістік, ауыл шаруашылығы, ғылыми, білім беру және мәдени саладағы ынтымақтастықтың негізі қаланады.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Жаслан Нұрбаевтың пікірінше, бұл өңіраралық форум тек мамандар даярлауға қатысты іс-шара емес, ол екі елдің экономикалық тұрақтылығын және аймақтардағы әлеуметтік-экономикалық даму әлеуетін қамтамасыз етудің стратегиялық алаңы.
- Жұмысшы мамандықтарға ерекше мән беру – болашақ индустриялық және технологиялық өсімді қамтамасыз етудің басты факторы. Екі ел арасындағы тәжірибе алмасу, дуалды оқыту мен трансшекаралық құзыреттер орталықтарын дамыту – осы мақсатқа жетудің нақты жолдары, – деді ол.

Құдай қосқан көрші
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге сапарының құрметіне Кремльде өткен мемлекеттік қабылдауда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы қиын жылдарда біз бір-бірімізді қолдап, иық тіресіп қатар тұрғанымызға тоқталды.
– Бірге талай қиындықты жеңдік, бүгінде жадымызда сақтап, жүрегіміздің төрінде қастерлеп ұстайтын Ұлы Жеңіске бірлесіп жеттік. Ата-бабамыздан «Құдай қосқан көрші» деген сөз қалған. Ресей – Қазақстанның Құдай қосқан көршісі, – деді Қазақстан Президенті.
Қорыта келе, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин арасындағы келіссөздер екіжақты қарым-қатынастың стратегиялық тереңдігін одан әрі нығайтып, Қазақстан мен Ресей арасындағы сенімділік пен ынтымақтастықтың мызғымас негізін бекітті. Кездесулер экономикалық, энергетикалық, көлік-логистика, білім беру, мәдени және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты жаңа белеске көтеріп, екі елдің халықтары үшін нақты және нәтижелі жобаларды іске асыруға мүмкіндік ашты. Бұл сапар Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың одан әрі дамуына тың серпін беріп, аймақтық тұрақтылық пен экономикалық өркендеуге қосқан нақты үлесін көрсетті.
