Студенттер келуімен баспана қымбаттады ма: Алматыдағы жалдамалы пәтер бағасына шолу
АЛМАТЫ. KAZINFORM. — Жаңа оқу жылының басталып, студенттердің кезекті келуі Алматыдағы жалдамалы пәтерлердің бағасына әсер етті. Krisha.kz мәліметі бойынша 1 айда баға 10%-ға өзгерді. Өзгерісті байқау үшін Kazinform тілшісі пәтер бағаларына шолу жасады.
Шілде айында Алматыда бір бөлмелі пәтерді жалдау орташа есеппен шамамен 220 мың теңгеге шығатын. Ал күз басталғалы ол 250 мың теңгеге жеткен. Екі бөлмелі пәтерлердің орташа жалдау ақысы 350 000 теңге, ал үш бөлмелі пәтерлер бойынша бағам — 500 000 теңге.
Орналасқан ауданы, пәтердің жағдайы, көлемі пәтер ақысына әсер ететіні белгілі. Соны ескере келе, әртүрлі сегментті қарастырдық.
1 бөлмелі пәтерлер — 90 мыңнан 1 млн теңгеге дейін
Ең арзан деген пәтерлер Алматыда 90 мың теңгеден басталады. Соның біреуі — Жетісу ауданындағы 15 шаршы метрлік бөлме екен. Ішінде тек ескі диван бар.
Ал екіншісі — Наурызбай ауданында 11 шаршы метр болатын «үй» немесе сарай. Сондай-ақ 30 мың теңге депозиті бар.
Демек мұндай жерлердің шаршы метрі шамамен 8000-9000 теңгеге бағаланады.
Дәл осыған ұқсас 12-14 шаршы метрлік пәтерлер метро маңында орналасса, баға едәуір көбейеді екен. Мәселен «Мәскеу» станциясының жанында орналасқан «студио» форматындағы пәтерлер — 140 мың мен 200 мың теңге аралығында.
Қала орталығынан алыстау болатын Наурызбай ауданында жөндеу жасалған, жиһазы бар 1 бөлмелі пәтерді 200 мың теңгеге табуға болады.
Медеу ауданы орталық болып саналатындықтан, баға екі есе дерлік жоғары. Мұнда 1 бөлмелі пәтерді 400-450 мың теңгеге жалдай аласыз.
Әуезов ауданынан пәтерді жалдауға да көптің қалтасы көтермейді. Мысалы екі адамның кереуеті орналасқан пәтер үшін үй иесі 570 мың теңге сұрайды. Екі адам бөліп төлеген күннің өзінде ол 285 мың теңгеден шығады. Онымен қоса депозит ақысы бар.
Ал орталыққа жататын Бостандық ауданындағы пәтерлер — шамамен 230-250 мың теңге аралығында. Дегенмен пәтерлердің жөндеу жұмысы орташа деңгейде екенін және жиһазы ескілеу келетінін ескерген жөн.
Осы ауданнан люкс сападағы 1 бөлмелі пәтер көремін десеңіз, 600 мыңнан 1 миллион теңгеге дейінгі бағаларға дайын болу керек.
2 бөлмелі пәтерлер — 120 мыңнан 4,9 млн теңгеге дейін
Бағасы төмен 2 бөлмелі пәтерлер Алатау, Түрксіб аудандарында орналасқан, шамамен құны 120-130 мың теңге болады. Алайда жиһазбен толық қамтылмаған немесе ескі екенін байқауға болады.
Алмалы, Әуезов аудандарында екі бөлмелі пәтерлерді 300-450 мың теңгеден таба аласыз.
Медеу ауданында баға жарты миллионнан асады.
Сонымен қатар Бостандық ауданындағы элиталы пәтерлерді 2,5 миллион-4,9 миллион теңгеден жалға алуға болады екен.
3 бөлмелі пәтерлер 210 мың теңгеден 3,5 млн-ға жетті
3 бөлмелі пәтерлердің төмен бағасы 210-230 теңгеден басталады. Әдеттегідей олар орталықтан алыс Алатау, Алмалы аудандарында орналасқан.
Дегенмен осы ауданнан жөндеу жұмысының сапасы жоғары, жиһазы жаңа нұсқалары 450 мың теңге шамасында болады.
Ал қала орталығындағылардың ақысы 700-750 мың теңгеге жетті.
Сондай-ақ 3,5 миллион теңге болатын элиталық нұсқалары бар екенін байқадық.
Алматылықтар пәтер жалдау қымбат екеніне шағымданды
Желіде Алматыдағы пәтер жалдау құнына қатысты сын көп.
Желі қолданушысы үй иелеріне үндеу жасады.
— 200 000–300 000 теңгеге пәтер жалдау қалыпты жағдай деп ойлайсыздар ма? Иә, сіз пәтерді ипотекамен сатып алдыңыз. Бірақ неге жалға алушы сіздің ай сайынғы төлеміңізді толығымен жабуы керек? Өйткені, пәтер сайып келгенде, сіздің меншігіңіз, ал жылдар бойы үлкен сома төлеп келген адам ештеңесіз қалады. Сонымен қатар Қазақстанда 200 000 теңге де таппайтындар көп. Сол үшін бірнеше адам боп тұруға мәжбүр болады, — деді желі қолданушысы.
Тағы бірі хабарландыруды бөлісіп, мәселені әзілмен жеткізді. Жөндеу жұмысы жүргізілмеген, жиһазы жоқ екі бөлмелі пәтер 150 мың теңгеге беріліп жатыр екен.
— Депозит 50 мың теңге. Келіп, тұра беріңдер. Есесіне қыста бастарыңа қар тиіп, жаңбырда су тимейді, ары қарай амалдап аларсыңдар, — деп жазды Арайлым Нұрболатқызы.
Ұсыныстан сұраныс көбірек
Қаржы маманы Темірлан Есеннің айтуынша, Қазақстанда соңғы бес жылда пәтер жалдау бағасы төмендеген емес. Оған инфляция да, сұраныстың көп болуы да себеп екенін айтады.
— Жалдау ақысының қымбаттауына ең алдымен сұраныс пен ұсыныстың арасындағы теңсіздік себеп. Яғни баспана іздейтіндер көп болғанымен, нарықтағы пәтер саны жеткіліксіз. Әсіресе Алматы мен Астана секілді ірі қалаларға оқу, жұмыс және басқа да мақсаттармен келушілер көп болғандықтан, тұрғын үйге деген сұраныс арта түседі. Бұл өз кезегінде пәтер иелеріне жалдау ақысын көтеруге мүмкіндік береді, — деді маман.
Сөзінше, жалдау құны нарықтағы сұранысқа байланысты қалыптасады. Сондықтан мәселені шешудің негізгі жолы — тұрғын үй тапшылығын азайтып, ұсынысты көбейту.
Бұл бағытта жергілікті әкімдіктер жалға берілетін әлеуметтік және қолжетімді тұрғын үй қорын арттырып, жер бөлу мен құрылыс көлемін ұлғайта алады. Ал мемлекет тұрғын үй құрылысын ынталандырып, халықтың баспана сатып алу мүмкіндігін кеңейтуі қажет дейді.