Студенттер ЖИ негізінде білім беру жобаларын әзірледі
АСТАНА. KAZINFORM – Жоба жасанды интеллект көмегімен пәнаралық байланысты күшейтуге, интерактивті білім беру контентін қалыптастыруға және оқу нәтижелерін бағалау үдерісін жетілдіруге бағытталған.
Абай университетінде «AI-Sana» бағдарламасы аясында студенттердің жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама білім алушылардың заманауи технологияларды меңгеруіне, жасанды интеллект құралдарын білім беру үдерісінде тиімді қолдануына және инновациялық жобалар әзірлеуіне бағытталған.
«AI-Sana» білім беру курсына қатысуға университеттің 2173 білім алушысы өтінім берген. Іріктеу нәтижесінде жобаға 979 студент қатысып, қазіргі таңда олардың 240-ы қарқынды оқыту кезеңін толық аяқтады.
Теориялық білімін практикамен ұштастырған студенттер жасанды интеллект негізінде әзірлеген алғашқы цифрлық жобаларын сәтті қорғады. Олардың бірі — Математика, физика және информатика факультетінің студенті Нұрай Майлыбай. Ол оқу үдерісіне жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізуге бағытталған «Зерде AI» платформасын ұсынды. Жоба оқушылардың қателерін қысқа уақытта анықтап, олардың білім деңгейіне сәйкес жеке тапсырмалар әзірлеу мүмкіндігімен ерекшеленеді.
— Бұл бағдарлама арқылы біз, ең алдымен, уақытты тиімді пайдалануды үйрендік. Мен әзірлеген әдістеме әр оқушының қателігін бірнеше секунд ішінде анықтап, білімін жетілдіруге арналған жеке тапсырмалар ұсынады. Мұндай тәсіл мұғалімдердің күнделікті жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік береді, — дейді Нұрай Майлыбай.
Бағдарламаға қатысушы Жайдары Нығметханова «SmartSana» жобасын әзірледі. Жоба жасанды интеллект көмегімен пәнаралық байланысты күшейтуге, интерактивті білім беру контентін қалыптастыруға және оқу нәтижелерін бағалау үдерісін жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар жоба аясында көрнекі материалдарды жедел әзірлеу және мұғалім мен оқушы арасындағы кері байланысты жақсарту тетіктері ұсынылды.
— «AI-Sana» курсы бізге үлкен шығармашылық мүмкіндік берді. Заманауи құралдарды пайдалана отырып, мұғалім мен оқушы арасындағы өзара байланысты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған шешім әзірледім. Бағдарлама білім алушылардың нәтижелерін талдауға және олардың даму динамикасын бақылауға мүмкіндік береді, — деп атап өтті Жайдары Нығметханова.
Абай университеті білім алушылардың цифрлық құзыреттерін дамытуға және оларды жаңа технологияларды тиімді қолдана алатын мамандар ретінде қалыптастыруға ерекше мән береді. Қазіргі кезеңде педагог тек кәсіби біліммен шектелмей, жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісіне кіріктіре білуі маңызды. «AI-Sana» бағдарламасы студенттердің технологиялық сауаттылығын арттырып, инновациялық ойлау қабілетін дамытуға және білім беру саласына жаңа тәсілдер енгізуге мүмкіндік беріп отыр.
Айта кетелік Қазақстанда колледждерге құжат қабылдау жалғасып жатыр.