Су басқан Құлсарыдағы ауруханадан 77 науқасты Маңғыстау облысына апарады

АТЫРАУ. KAZINFORM – Құлсарыдағы ауруханадан 77 науқасты Бейнеудегі емдеу орнына эвакуациялау басталды.

тасқын
Фото: Атырау облысы әкімдігі

Жылыой аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Асұлан Абдрахмановтың айтуынша, емделушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделген.

Бұл үшін 14 жедел жәрдем және 2 автобус бөлінген. 

эвакуация
Фото: Атырау облысы әкімдігі

«Орталық ауруханада ем алып жатқан 77 науқас бар. Наусқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көршілес облысқа тасымалдап жатырмыз. Аурухананың жансақтау бөлімінде 2, хирургия бөлімінде 12, терапия бөлімінде 10, балалар және босану бөлімінде де науқастар бар. Оларды қауіпсіз орынға көшіру мақсатында эвакуация жүріп жатыр. Жағдайы ауыр науқастар реаниматологпен, анестезиологпен және толық жабдықталған ИВЛ аппаратымен барады. Жатып баратын науқастар жедел жәрдем көлігімен, өзгелері автобуспен қатынайды», -деді Асұлан Абдрахманов.

Науқастарды емдеуші дәрігерлер алып барады. Олар дәрі-дәрмектің барлық түрімен қамтылды.

Қызметкерлер Бейнеу аудандық ауруханасына барған соң емдеу-сауықтыру жұмысына көмектеседі. Жалақысы іссапар ақысы негізінде төленеді.

Ал аудандық аурухана жағдай тұрақталғанға дейін тек алғашқы көмек көрсете береді.

эвакуация
Фото: Атырау облысы әкімдігі

Еске сала кетелік, бұған дейін тасқын су Атырау облысындағы Құлсары қаласына кіре бастағанын жазған едік.

Құлсары қаласында 2 500 үйді тасқын су басып, 4000 адам, оның ішінде 1 мыңнан астам бала көшірілді.

Құлсарыда әкімдік, әлеуметтік нысандар мен орталық стадион су астында қалды.

Сондай-ақ, Құлсарыда өмірге келген егіз ұл Бейнеу ауруханасына жеткізілді. 

Соңғы жаңалықтар