Құлсарыда өмірге келген егіз ұл Бейнеу ауруханасына жеткізілді

егіз
Фото: Атырау облысының әкімдігі

АТЫРАУ. KAZINFORM — Жем өзенінің тасқын суы басқан Құлсары қаласында егіз ұл дүниеге келді.

Атырау облысы әкімдігінің мәліметінше, нәрестелердің анасы Құлсары қаласындағы Жылыой аудандық орталық аурухансында босанған.

Алайда, нәрестелер қауіпсіздік мақсатында жедел жәрдем көлігімен Бейнеу аудандық ауруханасына жеткізілген.

«Қазір нәрестелердің жағдайы бірқалыпты. Егіз ұл — жас отбасының төртінші және бесінші баласы. Сәбилердің бойы — 52 см. Екеуінің салмағы бірдей емес. Біреуінің салмағы — 3500, екіншісінің салмағы — 3350 грамм» деп мәлім етті облыстық әкімдіктен.

Еске сала кетелік, бұған дейін тасқын су Атырау облысындағы Құлсары қаласына кіре бастағанын жазған едік.

Құлсары қаласында 2 500 үйді тасқын су басып, 4000 адам, оның ішінде 1 мыңнан астам бала көшірілді.

Құлсарыда әкімдік, әлеуметтік нысандар мен орталық стадион су астында қалды.

Соңғы жаңалықтар