Су дипломатиясы: Орталық Азия мен Ауғанстан ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан астанасында «Орталық Азиядағы су дипломатиясы: тұрақты дамуға негізделген сенім, диалог және ынтымақтастық» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Орталық Азия мен Ауғанстан ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Іс-шараны Өзбекстан президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты ұйымдастырды. Оған Орталық Азия елдері су шаруашылғы министрліктерінің мамандары, халықаралық ұйымдар мен талдау орталықтарының өкілдері қатысты. Сонымен қатар, мұндай форматтағы басқосуда алғаш рет Ауғанстан делегациясы төбе көрсетті.

Конференцияда алғаш болып сөз алған Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты директорының орынбасары Акрамжон Неъматов су дипломатиясын дамуға негіз болатын ынтымақтастық құралы ретінде қарастырудың маңызына тоқталды.

Орталық Азия мен Ауғанстан ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

— Менің ойымша, су ресурстарын басқару және оны тиімді пайдалануға бағытталған диалогтарға Ауғанстанды қосу үлкен жетістік. Мұны жүргізіліп жатқан жүйелі саясаттың нәтижесі деп білеміз. Су дипломатиясын ынтымақтастықты ілгерілетуге бағытталған құрал ғана емес, сонымен бірге оған бірлесіп өркендеуге жол ашатын ұзақ мерзімді стратегия тұрғысынан қарау маңызды. Осындай форматтағы іс-шаралар қолайлы диалог орнатуға сеп болары сөзсіз. Әр тараптың пікірі мен мүддесін ескеріп, теңгерімді шешім қабылдау үшін әуелі сындарлы диалог қажет, — деп мәлім етті Акрамжон Неъматов форум аясында Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

Спикер атап өткендей, кейінгі жылдары Ауғанстан өңірдегі су ресурстарын басқару мен пайдалануды реттеуге бағытталған диалогтарға қатысуға қызығушылық білдіре бастады.

— Орталық Азия елдері егемендік алғаннан кейін су шаруашылығы саласындағы келісімдерді жасау барысында келіссөздерге Ауғанстан тарапын тарту керектігі жайлы ұсыныс көтерді. Өйткені, біз бұл мемлекетпен бір өзеннің суын бөлісіп отырмыз. Дегенмен ол кездері Ауғанстанда соғыс болып жатты. Бүгінгі таңда аталған елде жаңа билік орнады. Олар мемлекеттегі жағдайды тұрақтандыруға күш салып келеді. Тиісінше, қазіргі уақытта Ауғанстан тарапынан су мәселесіне қатысты диалогтарға қатысуға қызығушылық артқанын байқап отырмыз, — деді Акрамжон Неъматов.

Орталық Азия мен Ауғанстан ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Осы орайда саясаттанушы Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығын Алматыда құру туралы Қазақстан бастамасын атап өтті.

— Наурызда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығын құру туралы қарар қабылданды. Бұл бастаманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын. Осы ретте тиісті құжатта су шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимылдар басым бағыт ретінде айқындалған. Бұл өз кезегінде өңірдегі барлық мүдделі елдердің ортақ ұстанымға ұйып, сәйкесінше ынтмақтастықты ілгерілетуіне ықпал етеді, — деген пікірде Акрамжон Неъматов.

Конференцияда баяндама жасаған ауғанстандық делегация басшысы Несар Мохаммад Нуман да өңіраралық байланыстарды өзара сенімге негізделген ынтымақтастық нәтижесінде дамытуға болатынын мәлім етті.

Орталық Азия мен Ауғанстан ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

— Ұзақ жылдарға жалғасқан Ауғанстандағы тұрақсыздықтан кейін біз ынтымақтастыққа дайынбыз. Орталық Азия елдері мен көршілес өзге де мемлекеттердің су ресурстарын тиімді басқару және пайдалану саласында тәжірибесі мол. Бұл ретте Ауғанстандағы ирригация жүйелерін дамыту қажет. Су дипломатиясы біз үшін жаңа бағыт әрі мүмкіндік, — деді Ауғанстан уақытша үкіметінің Энергетика және су шаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстарын реттеу басқармасының басшысы Несар Мохаммад Нуман.

Еске салайық, таяуда Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстанда Қытаймен су бөлу келіссөздерін жүргізе алатын неше дипломат бар екенін айтқан болатын.

Сонымен қатар министр Нұржан Нұржігітов Өзбекстанда өткен Климат форумы аясында Kazinform тілшісіне сұхбат беріп, су тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған жобалардың барысын баяндады. Атап айтқанда, ведомство басшысы суды ынтымақтастық құру ресурсы ретінде қарастырудың маңызына тоқталды.

Соңғы жаңалықтар