Су шаруашылығы мамандықтарына 751 мемлекеттік грант бөлінді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда су шаруашылығы саласындағы мамандар тапшылығын жою үшін кешенді жұмыстар қолға алынды. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өткізген аппарат кеңесінде кадрлық әлеуетті арттыру мәселесі талқыланды.

Су шаруашылығы мамандықтарына 751 мемлекеттік грант бөлінді
Фото: Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Мәселен, алдағы 2026-2027 оқу жылында су мамандықтарын таңдайтын талапкерлер үшін мемлекет тарапынан 751 білім беру гранты бөлінбек. 

Гранттар негізгі төрт бағыт бойынша үлестірілді: 

Су ресурстары және суды пайдалану – 336 грант (оның ішінде 50-і қысқартылған оқу түріне); 

Гидротехникалық құрылыс және су ресурстарын басқару – 215 грант;

Гидромелиорация – 100 грант; 

Сумен жабдықтау және су бұру – 100 грант. 

Бұл тізімге жоғары оқу орындарының өздері бөлетін нысаналы гранттар кірмеген, олардың нақты саны ай соңында белгілі болады. Бүгінде елімізде осы салада 2629 студент, оның ішінде бакалавриатта 2393, магистратурада 126 және докторантурада 110 адам білім алып жатыр. 

Министр студенттердің «Қазсушар» мекемесінде сапалы өндірістік тәжірибеден өтуін және түлектердің 100% жұмыспен қамтылуын қатаң тапсырды. Ол үшін ведомствоға қарасты Ұлттық гидрогеологиялық қызмет, Ғылыми-зерттеу институты сияқты мекемелердегі бос жұмыс орындары тиімді пайдаланылмақ. Сондай-ақ алдағы 5 жылға арналған кадр қажеттілігін анықтау үшін Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлескен жұмыс жоспарланып отыр. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, докторанттарға грант көбейіп, жас ғалымдарға қолдау күшейді.