Су тасқыны: Ақтөбе қаласында 136 отбасына үй сатып алынды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласында су тасқыны кезінде баспанасынан айынылған 136 отбасына пәтер сатып алынды. Қазіргі кезде тағы 60-қа жуық отбасына баспана алу жұмысы жүріп жатыр.

пәтер берілді
Фото: Алтынай Сағындықова

Су тасқыны кезінде Ақтөбе қаласы бойынша 3500-ден астам отбасы зардап шекті. Техникалық тексеру, бағалау жұмыстары кезінде 190 үй жарамсыз деп танылған. Қазіргі кезде олардың 136-ы жаңа пәтерге қоныстанды. Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, әлі де 60-қа жуық отбасына пәтер сатып алынады.

пәтер берілді
Фото: Алтынай Сағындықова

- 2000 жылы Ырғыз ауданынан Ақтөбе қаласына көшіп келдік. Сол кезде УДВ-4 бау-бақша ұжымы аумағынан үй алып, кеңейтіп, қосымша құрылыс жүргіздік. Төрт бөлмелі үй болатын. Ұлым сонда үйленді, қызым тұрмысқа шықты. 2017 жылы су тасқыны кезінде үйге су кіріп, көп ұзамай жөндеп алдық. Ал биыл 28-наурызда су көтерілді. Үйіміз арада 3 сағат өткенде құлады. Біз алдымен мектептегі эвакуациялық бекетке барып, кейін колледждің жатақханасына орналастық. Баспанамыз түгел қирап қалған соң осы пәтерді берді. Бәріне алғысымды айтамын,- деді зейнеткер Балила Байқазақова.

Оның айтуынша, екі бөлмелі пәтерде баласы мен келіні, үш немересі және қызымен қосқанда 7 жан тұрады. Қазіргі кезде балаларды мектепке орналастыру, балабақшаға беру жұмыстарын да толық реттеген. 

- Күйеуім тасымалдау компаниясылда темір ұстасы, өзім дәріханада қызметкермін. Жаңа пәтерге кірген кезде өзімнің жұмыс берушім барлық жиһазын алып берді. Сол үшін де алғыс айтамын. Қазіргі кезде мектепке баратын екі баланы Қызылжар орта мектебіне беруді жоспарлап қойдық. Ал 3 жастағы ұлым балабақшаға тіркелді. Бәрі үшін алғыс айтамын, - деді Ақмарал Қайдарова. 

Бұл отбасына пәтер Ақтөбе қаласы Есет батыр тұрғын алабынан берілді.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласында үй салу жұмысы жүргізілмейді. Мұнда көпқабатты үйден пәтер сатып алуға түрлі қор арқылы қаржы бөлініп жатыр. Сонымен бірге Отбасы банк пен облыс әкімдігі 1,5 млрд теңге бөліп, 100 отбасының баспаналы болуына жағдай жасайды

Соңғы жаңалықтар