Су тасқыны: 5 961 адам әлі күнге дейін эвакуациялау пункттерінде отыр

эвакуация
Фото: Бейнеу ауданының әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде елімізде су тасқынынан зардап шеккен 5 961 адам әлі күнге дейін эвакуациялау пункттерін паналап отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Асқар Шәріп айтты.

Белгілі болғандай, 8 189 тұрғын үй мен 2 977 аула аумағынан су сорылып, сыртқа шығарылған. 7,7 млн қапшық және 1,5 млн астам тонна инертті материал төселген.

Су тасқынына қарсы шаралар жалғасып жатыр.

«Атырау облысында Жайық өзені су деңгейіне мониторинг жүргізілуде. Бөгеттерді нығайту жұмыстары жалғасып жатыр. Жайық өзені жағасының сумен шайылуының алдын алу үшін мұнай-газ компаниясының күштері мен құралдары жұмылдырылып, ұзындығы 600 метр теңіздің бөгегіш бондары жағаға жақын орнатылды», - деді Асқар Шәріп.

Оның айтуынша, Шығыс Қазақстан облысында жауын-шашынның көп мөлшерде түсуіне байланысты Бұқтырма өзенінде су деңгейі көтерілген. Салдарынан Алтай ауданының Зубовск ауданында 24 аула аумағын су басты.

«Бөгеттерді бекіту және су басқан аумақтардан су сору жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде Бұқтырма өзенінің су деңгейі төмендеп келеді. Өзеннің су деңгейіне мониторинг жалғастырылуда», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар