Су тасқыны кезеңі: Қазақстан Ресей және Қытайдан ақпарат алып отырады

АСТАНА. KAZINFORM - Cу тасқыны кезеңінде Қазақстан көршілес Ресей және Қытай елдерімен өзара ақпарат алмасып отырады. Бұл туралы Kazinform сауалына Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми жауабында айтылды.

су қоймасы
Фото: AMANAT партиясы СҚО филиалы

— Қазақстан негізгі трансшекаралық өзендердің (Ертіс, Іле, Шу, Талас, Сырдария, Жайық) төменгі ағысында орналасқан ел ретінде сумен қамтамасыз ету мәселелерінде көрші елдерге тәуелді. Сондықтан көрші елдермен өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту негізгі фактор болып табылады. Бүгінгі күні трансшекаралық өзендер саласындағы барлық іргелес елдермен жұмыс істеп тұрған бірлескен комиссиялар мен жұмыс топтары шеңберінде су дипломатиясы жалғасуда, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ ведомство қазіргі кезде Ресей және Қытай елдерімен су тасқыны кезіндегі іс-әрекет келісілгенін айтады.

— Су дипломатиясы су тасқыны кезінде де, суару маусымы кезінде де маңызды. Қазір ол жоғары деңгейде деп айта аламыз және көрші елдермен келіссөздер бойынша қиындықтар жоқ. Су тасқыны кезеңін өткізу бойынша өзара іс-қимыл жөніндегі Қазақстан-Ресей бірлескен жұмыс тобы құрылды. Қазір жұмыс тобының құрамы, ережесі және 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Қазақстан мен Ресей су тасқыны кезеңінде ақпарат алмасуға келісті. Қытаймен де су тасқыны кезіндегі жұмыс екі жақты келісім арқылы жүзеге асады, - делінген жауапта.

Одан бөлек Қырғызстан су тасқыны кезеңінде Талас өзені арқылы су беру көлемі ұлғайтатынын мәлімдеген болатын. Бұл шара Киров су қоймасынан су жіберуді реттеу және су тасқыны кезеңінде апаттың алдын алу мақсатында жасалады.

БҰҰ-ның мәліметінше, әлем халқының 40 проценті трансшекаралық өзен-көлдердің маңына қоныстанған, оның тек бестен бір бөлігінде ғана су ресурсын бірлесе пайдалану бойынша келісім бар.

Осы орайда Орталық Азияда трансшекаралық өзендер мәселесі қалай шешіліп жатқаны туралы көлемді материал жариялаған едік.

 

Соңғы жаңалықтар