Қырғызстанмен келісім: Талас өзені арқылы су беру көлемі ұлғайтылады

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанмен Талас өзені арқылы су беру көлемін ұлғайту туралы келісім жасалды. Бұл туралы Kazinform сауалына Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми жауабында айтылды.

СҚО-да Есіл өзенінің су деңгейі көтеріліп жатыр
Фото: Рrimeminister.kz

— Су тасқыны кезінде трансшекаралық өзендерде табиғи апаттар туындаған жағдайда тараптарды шұғыл хабардар ету жөнінде келісім бар. Қырғызстанмен жүргізілген келіссөздер барысында біздің тарап Талас өзені арқылы су беру көлемін ұлғайту туралы келісімге келді. Бұл Киров су қоймасынан су жіберуді реттеу және су тасқыны кезеңінде апаттың алдын алу мақсатында жасалады, — дейді ведомстводан.

Министрлік көршілес елдерден өзен арқылы келетін суды негізінен 5 облыс ауыл шаруашылығы мақсатында тұтынатынын мәлімдеді. 

— Су пайдаланудың негізгі үлесі ауыл шаруашылығына тиесілі — бұл жалпы алынған судың (24,4 км³) шамамен 60%-ын құрайды (14 км³). Барлық су алу мөлшерінен тұрақты суаруға шамамен 11,6 км³ су жұмсалады. Оның 97% немесе 11,3 км³ оңтүстік 5 облысқа тиесілі. Бұл Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облысы. Олардағы жалпы суару алаңы 1,61 млн. гектар немесе бүкіл аумақтың 73%-ы (2,3 млн. га). Қазіргі таңда оңтүстік өңірдің барлық су қоймалары су жинақтау режимінде жұмыс істеуде, — делінген жауапта.

БҰҰ-ның мәліметінше, әлем халқының 40 проценті трансшекаралық өзен-көлдердің маңына қоныстанған, оның тек бестен бір бөлігінде ғана су ресурсын бірлесе пайдалану бойынша келісім бар.

Осы орайда Орталық Азияда трансшекаралық өзендер мәселесі қалай шешіліп жатқаны туралы көлемді материал жариялаған едік. 

Соңғы жаңалықтар