Су тасқыны: Орал қаласындағы саяжайлардан тұрғындар көшіріліп жатыр
ОРАЛ. KAZINFORM - Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Орал қаласы маңындағы 1-саяжай және 2-саяжай бау-бақша серіктестіктеріндегі тұрғын үйлерді су басу қаупі туындады.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлімет еткендей, осыған орай полиция департаменті және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, бірнеше күн бойы тұрғындарға ескерту парақшалары таратылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

«Эвакуациялау жұмыстарына барлығы 150 адам, 12 техника, 1 жүзу құралы тартылды. Соның ішінде ТЖ министрлігінен 118 адам, 11 техника, Ішкі істер министрлігінен 32 адам (1 техника) жұмылдырылды. Қазірге дейін 22 адам көшірілсе, соның алтауы – бала. Тұрғындардың бірқатары туыстарының үйіне кетсе, бірқатары эвакуациялық пункттерге орналастырылды», - деп хабарлады ведомстводан.

Орал қаласы әкімдігінен алынған ақпаратқа қарағанда, Жайық өзені жайылмаларында орын тепкен 54 бау-бақша серіктестігінде 1 600 отбасы тұрады. Су басу қаупінің төнуіне байланысты әрі эвакуациялау жұмыстарын кедергісіз жүргізу үшін бау-бақша серіктестіктері 8 сәуірден бастап электр қуаты мен газдан ажыратылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО әкімінің орынбасары су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардан өтініштер қабылданып жатқанын айтқаны туралы жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Жайық өзенімен мол су келмекші: Батыс Қазақстанда дайындық қалай жүріп жатыр.
Батыс Қазақстан облысында 190-нан астам педагогтің үйін су басты.
БҚО-да тасқын кезінде сібір жарасы көмінділерінен қауіп жоқ – ветеринарлар.