Батыс Қазақстан облысында 190-нан астам педагогтің үйін су басты

Су тасқыны
Фото: Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында су тасқыны басталғаннан бері төрт аудан мен Орал қаласында 192 педагогтің үйін су басты.

БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның ішінде 39-ы – Сырым ауданында, 30-ы – Қаратөбеде, 56-сы – Бөрліде, 35-і – Теректіде, 28-і – Орал қаласында, төртеуі облыстық мекемелерде жұмыс істейді. 

Айгүл Әділгерейқызының сөзіне қарағанда, төтенше жағдай жарияланған өңірдің педагогтері аттестаттаудан ҚР Оқу-ағарту министрлігі белгілеген жекелеген мерзімдерде өтеді. 

«Тасқын су салдарынан баспанасыз қалған 77 педагогтің аттестаттаудан өтуі келесі жылға ауыстырылады. Білім басқармасы қиындыққа тап болған әріптестеріміз бен білім алушы балаларымызды көмексіз қалдырмай, жан-жақты қолдайтын боламыз», деді А.Мыңбаева. 

Оның айтуынша, көктемгі су тасқынына байланысты Бөрлі, Сырым, Қаратөбе, Теректі аудандарының кейбір мектептері эвакуацияланып, төртінші тоқсанның бірінші аптасы қашықтықтан оқытылды (4132 оқушы). 

Қазіргі таңда Теректі ауданы Подстепный ауылындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған Абай атындағы мектеп-гимназия-интернаты (207 шәкірт) эвакуациялық пункт болуына байланысты қашықтықтан оқытылуда. Қалған мектептер дәстүрлі форматқа көшірілді. 

«Теректі» колледжінде эвакуациялық пункт орналасқандықтан, 163 студент қашықтан білім алуда. Бүгіннен бастап Х.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледж бен Орал «Сервис» технологиялық колледжі (2 068 студент) эвакуациялық пунктке жасақталып жатқандықтан, онлайн оқу форматына ауыстырылды. Су тасқынының бастапқы күндері білім беру нысандарында 18 эвакопункт тұрғындарды қабылдап, қызмет көрсетті. Күні бүгін 4 нысанда тұрғындар бар. Эвакуациялық пункттері бар білім нысандарының қызметкерлері уақытпен санаспай, жұмыс жасауда. Онда 4 мезгілден ыстық тамақ ұйымдастырылып, жатын орындармен толық қамтылды», деді А.Мыңбаева.

Күні бүгін мектеп психологтары эвакопункттерде психологиялық қолдау жұмысын жүргізсе, қосымша білім беру ұйымының педагогтары балаларға үйірмелер ұйымдастыруда.

Сонымен қатар білім саласының қызметкерлері қаржы аудару, өзендердің жағалауын бекіту, тегін тасымал ұйымдастыру, су тасқынымен күрескен қызметкерлерге ыстық шай мен тамақ апару, гуманитарлық көмекті жеткізу және басқа жұмыстарға атсалысуда.

Басқарма басшысы атап өткеніндей, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың балаларын білім мекемелері назардан тыс қалдырмады. Бөрлі ауданындағы Ақсай қаласы білім мекемелерінің ұжымдары бірігіп, Ақсу және Аралтал ауылының 31 баласына, сондай-ақ Сырым ауданында 103 балаға, Қаратөбеде 104 оқушыға және 9 мектепалды даярлық сыныбының тәрбиеленушілеріне толықтай қажетті оқу құралдары мен киім-кешектерді алып берді. 

Президент әкімшілігінен, еріктілер қорынан, «AMANAT» партиясынан, жеке кәсіпкерлер мен ұжымдардан, ауыл тұрғындарының өзінен балаларға қажетті заттарды алып беруге 7 млн теңгеден астам қаржылай қолдау көрсетілді.

«Су тасқыны кезінде Теректі ауданындағы Подстепный ауылындағы жалпы орта білім беретін мектебінің жертөлесі толықтай суға кеткен болатын. Қазіргі уақытта бұл мектеп түгел тазартылып, қалыпты жағдайға келтірілді. Ақау актілері анықталуда, алдағы уақытта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады», деп түйіндеді А.Мыңбаева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жайық өзенінен мол су келуіне орай Батыс Қазақстанда дайындық қалай жүргізіліп жатқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ БҚО-да су тасқынынан зардап шеккен аумақтан 185 бала республикалық лагерьлерде демалады.

БҚО әкімінің орынбасары су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардан өтініштер қабылданып жатырғанын айтты

Батыс Қазақстан облысында 23 жол учаскесінде қозғалыс шектеліп отыр.

Соңғы жаңалықтар