Су үнемдегендерді қолдауға 214,6 млрд теңге бөлінетін болды
АСТАНА. KAZINFORM — Су ресурстары және ирригация министрлігі ресми сауалымызға жолдаған жауабында су үнемдеу бағытында қабылданып жатқан шараларды мәлімдеді.
Министрлік мәліметінше, мемлекет су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыруға күш салып келеді.
– Атап айтқанда, фермерлердің су алу және беру инфрақұрылымын жүргізуге, су үнемдеу технологияларын сатып алуға және орнатуға жұмсаған шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ, пайдаланылатын технология мен тарифке байланысты су беру қызметінің құны субсидияланады, – делінген хабарламада.
Су ресурстары және ирригация министрлігі су үнемдегендер үшін бөлінген қаржы туралы да ақпарат берді. 2026-2028 жылдарға су үнемдеу технологияларын енгізуге арналған инвестициялық субсидияларға 214,6 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде:
• 2026 жылы – 58,5 млрд теңге;
• 2027 жылы – 74,6 млрд теңге;
• 2028 жылы – 81,5 млрд теңге субсидия ретінде жұмсалмақ.
Сонымен қатар, су беру қызметінің құнын да субсидиялау көзделген. Бұл мақсатқа жалпы 13,5 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 2026 жылы – 4 млрд, 2027 жылы – 4,7 млрд, 2028 жылы – 4,8 млрд теңге бөлінеді.
Одан бөлек, су үнемдеген шаруаларға суарау құрылғылары жеңілдікпен сатылады.
– Су үнемдеу технологияларын енгізуге жеңілдетілген қаржыландыру құралдары қолданылады. «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның «Агролизинг» бағдарламасы шеңберінде жаңбырлатып суару жүйелері жылдық 12,6% мөлшерлемемен 10 жылға дейін, ал тамшылатып суару жүйелері 12,6% мөлшерлемемен 5 жылға дейін қаржыландырылады. Қазіргі уақытта елде жаңбырлатып суару машиналары мен тамшылатып суару жабдықтарын өндіретін 7 отандық зауыт жұмыс істейді, – делінген ресми жауапта.
Айта кетейік, бұған дейін елдің оңтүстігіндегі облыстарда белгіленген су лимиті қандай нәтиже бергенін жазғанбыз.