Елдің оңтүстігіндегі облыстарда белгіленген су лимиті нәтиже берді ме

АСТАНА. KAZINFORM — Су ресурстары және ирригация министрлігі ресми сауалымызға жолдаған жауабында оңтүстіктегі бес өңірге бекітілген су лимитінің арқасында қанша су үнемделгенін мәлімдеді.

су қоймасы
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Есіңізге салайық, 2026 жылғы мамырда су пайдалану шегі мынадай көлемде белгіленді:

  • Қызылорда облысы — 3,27 млрд текше метр;
  • Алматы облысы — 2,08 млрд текше метр;
  • Жетісу облысы — 1,83 млрд текше метр;
  • Жамбыл облысы — 0,9 млрд текше метр;
  • Түркістан облысы– 3,88 млрд текше метр.

Ал осы облыстар бойынша жалпы көрсеткіш — 11,96 млрд текше метр.

Су пайдалану шегін бекітудің тиімділігі жөнінде нақты мәлімет 30 қыркүйекте, суару кезеңі аяқталғаннан кейін анықталады.

— Лимиттер нәтижесінде үнемделген судың нақты көлемін тек вегетациялық кезең толық аяқталғаннан кейін анықтауға болады. Себебі нақты су үнемдеу көлемін есептеу кезінде белгіленген лимиттермен қатар нақты су алу, суару алаңы, дақылдардың құрылымы, гидрологиялық жағдай және суару жүйелеріндегі шығындар ескеріледі, — делінген хабарламада.

Әйтсе де, Су ресурстары және ирригация министрлігі 2026 жылғы 10 тамыздағы жағдай бойынша деректерді ұсынды. 2025 жылмен салыстырғанда нақты су тұтыну көлемі мынадай:

  • Қызылорда облысында — 88%;
  • Алматы облысында — 83%;
  • Жетісу облысында — 68%;
  • Жамбыл облысында — 33%;
  • Түркістан облысында — 92%.

Үнемделген су қоймаларға жиналып, қосымша су қоры қалыптасады. Биыл ондай оң өзгеріс байқалады. Оңтүстік өңірлерде бірқатар ірі су қоймаларындағы су көлемі 2025 жылғы көрсеткіштерден едәуір жоғары. Атап айтқанда:

  • Шардара су қоймасында – 1 370 млн текше метр, бұл 2025 жылмен салыстырғанда 1 132 млн текше метр артық;
  • Тасөткел су қоймасында – 229,6 млн текше метр, бұл былтырғыдан 113 млн текше метр жоғары;
  • Теріс-Ащыбұлақ су қоймасында – 23,1 млн текше метр, өткен жылдан 15,5 млн текше метр көп;
  • Қапшағай су қоймасында – 14 870 млн текше метр, 2025 жылдан 640 млн текше метр мол;
  • Бартоғай су қоймасында – 157,4 млн текше метр, былтырғыдан 71,4 млн текше метр артық.

— Осылайша, көрсетілген ірі су қоймаларында өткен жылмен салыстырғанда едәуір қосымша су қорлары қалыптасты, — деп хабарлады министрлік.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі іске қосылғанын жазғанбыз.