Субсидияға сенген қызылордалық фермерлер несиені 25,5%-бен төлеуге қиналып отыр

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында мал шаруашылығымен айналысатын көптеген шаруа қожалығының төрағалары мал басын көбейтуге бағытталған мемлекет қолдауының тоқтап қалғанына шағым білдірді.

в
Фото: Назерке Саниязова/Kazinform

Фермерлер былтыр «Агробизнес» бағдарламасы аясында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қаражаты есебінен несие серіктестіктері арқылы 25,5 пайызбен, яғни бағдарлама талабына сәйкес несие мөлшерлемесі сыйақысының 6 пайызын шаруашылық төлеп, қалған сыйақысы бөлігін мемлекет субсидиялайтынын ескеріп, төрт түлік басын көбейту үшін несие рәсімдеген.

л
Фото: Назерке Саниязова/KAZINFORM

Мүмкіндікті қалт жібергісі келмей мүлкін кепілдікке қойған. Субсидиялайтын қаражаттың болмауына байланысты сол несиені төрт-бес айдан бері енді өздері төлеп келеді. Gosagro.kz порталы арқылы өтініш беру де мүмкін болмай тұр.

л
Фото: Назерке Саниязова/KAZINFORM

- Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 26 қазандағы №436 бұйрығына сәйкес бюджетте қаражат болмаған жағдайда субсидия төлеу келесі жылдың қаржысына ауыстырылатыны, өтініштер тек бюджетте қаражат барда ғана жүзеге асырылатыны көрсетілген. Осыған байланысты 2026 жылы мемлекеттен қаржы бөлінеді деген үмітпен, яғни 2025 жылдың төртінші тоқсанында алған несиемізді төлем кестесіне сәйкес өтеу бізге қиын. 

Несие мөлшерлемесінің пайызы жоғары болғандықтан алған малымызды сатуға мәжбүрміз, - делінген бір топ фермер қол қойған хатта. 

л
Фото: Назерке Саниязова/KAZINFORM

Несие сыйақысын уақытылы төлей алмаған соң өсімпұл есептеледі, бұл да - жығылғанға жұдырық. Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға қаражат жеткіліксіз бөлінгендіктен ай сайын несие пайызын төлеу шаруалардың күнкөрісіне кері әсерін тигізіп тұр. 

л
Фото: Назерке Саниязова/KAZINFORM

- Мысалы, мен 1 млн теңге төлеуім керек болса, ол 25,5 пайызбен 4 млн 300 мың теңге болады. Айырмашылығы жер мен көктей. «Балапанды күзде санайды» дегендей, мал жылына бір төлдейді. Оның ішінде тұрақтамайтыны бар, сонда орта есеппен 100 бас малдан жылына кем дегенде 30-40 шақты төл туады. Мына жағдайда 25,5 пайыз дегеніңіз ақылға сыймайды. Кейбір шаруашылықтар жабылудың сәл алдында тұр, - деді «Сыр сыйы» шаруа қожалығының төрағасы Нұрлан Биманов.

л
Фото: Назерке Саниязова/KAZINFORM

Шаруалар мен несие серіктестіктері арасындағы келісімшартта «субсидия болмаса да төлеймін» деген тармақ бар көрінеді. Алайда, оны ескерген ешкім болмапты. Жаппай қол қойған. Сондықтан соттасқан күннің өзінде жеңіліп қалатыны анық. 

Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев кәсібін дөңгелеткісі келетіндерді субсидияға сеніп қалмауға, қомақты несиеге ұрынып қалмауға шақырды. Қазіргі күні оны бюджеттің шамасы көтермейтінін ашып айтты. 

л
Фото: Назерке Саниязова/KAZINFORM

- Бұрын қаржы институттары өтініш бергенде бюджетте ақша болмаса да резерв қарастырылатын. 2025 жылдың қазан айынан бастап қаржының таусылуына байланысты өтініш қабылдау тоқтады. Республика бойынша сыйақы мөлшері үшін қарыз 600 млрд теңгеге жетті. Бұл дегеніңіз – бір облыстың бюджеті. Бүгінгі күні бірде-бір облыс жаңадан өтініш қабылдап жатқан жоқ. Мұны мен ресми түрде мәлімдеймін. Басқа облыстар қазір 2023-2024 жылдардың қарызын төлеп жатыр. Біздің облыста ондай қарыз болған жоқ. Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Парламентте жүргенде бұл мәселені Мәжіліс мінберінде көтерді. Жақында шаруалардың шағымымен аймақ басшысының қабылдауында болдым. Сонда келесі айда бюджет нақтыланатынын, сол кезде бірінші кезекте осы мәселені шешуге әрекет жасалатынын атап өтті. Онда да мүмкіндігіне қарай, - деді ол. 

Kazinform тілшісі бұған дейін облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасынан мал шаруашылығына мемлекеттен қандай көмек барын сұрап білген еді.