Судандағы қарулы қақтығыс 7 млн адамды үйін тастап кетуге мәжбүр етті – БҰҰ

Суданда қарулы қақтығыс 7 млн адамды үйлерін тастап кетуге мәжбүр етті – БҰҰ
Фото: pexels.com

Суданда жалғасып жатқан қарулы қақтығыс 7 млн адамды үйлерін тастап кетуге мәжбүр етті. Kazinform бұл туралы Анадолы ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұл туралы БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссар Филиппо Гранди X әлеуметтік желісінде хабарлады.

«Жеті миллион босқын мен қоныс аударған адамдар. Бірақ әлем бұған бейжай қалды», - деп жазды ол.

Судан армиясы мен жедел елеу күштері арасындағы қарулы қақтығыс 15 сәуірде басталды. Қақтығысқа себебі ЖЕК-ты армия құрылымына біріктіру мәселесі болды. Ел астанасында басталған ұрыс көп ұзамай басқа аймақтарға да тарады. Судан үкіметі халықаралық қауымдастықты ЖЕК-ті «лаңкестік топ» деп жариялауға шақырды.

Қантөгіс атысты тоқтату туралы келісім жасалып, қақтығысқан тараптарға халықаралық қысым жасалса да тоқтамады. Ел астанасы Хартумнан бөлек елдің батысы мен оңтүстік-батысындағы тоғыз провинцияда ауыр қару қолданылған ұрыс жүріп жатыр.

БҰҰ мәліметінше, 25 млн судандық азамат, яғни халықтың жартысына жуығы гуманитарлық көмекке зәру. Армия мен ЖЕК арасындағы ұрыс салдарынан 10 мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тауып, мыңдаған адам жарақат алды. Халықаралық қауымдастықтың атысты тоқтатуға қол жеткізу әрекеттері өзара айыптаулар мен тараптардың алға қойылған шарттарды келісе алмауынан нәтиже бермеді.

Келіссөздер аясында тараптар соңғы рет 7 қарашада Сауд Арабиясының Жидда қаласында кездесті.

Соңғы жаңалықтар