Судың да сұрауы бар екенін ұғынатын уақыт келді – маман

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Сырдария өзеніндегі су жағдайы өткір тақырыпқа айналды. Орта Азиядағы бірнеше елді бойлап ағатын Сырдария суының деңгейінің төмендігінен қызылордалық диқандар біршама қиындық көріп келеді. Сондықтан осы мақсатта суды ысырапсыз пайдалану және үнемдеу, жаңа технология енгізу мәселесі күн тәртібінде жиі көтеріліп жүр. Осы тақырыпта су шаруашылығы саласының тәжірибелі маманы Жорабек Нұрымбетовпен әңгімеде тақырыпқа тұздық іздеп көрген едік.

су
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Өзіңіз жақсы білетіндей, облыста су шаруашылығына байланысты маңызды жиындар өткізілді. Онда еліміздің және жергілікті тәжірибелі мамандар мен ғалымдар бас қосты. Сіз қандай ой түйдіңіз?

- Байқасақ, бұл мәселе әлемде өзекті тақырыпқа айналды. Әрбір мемлекет қолдағы мүмкіндік көзін пайдаланып отыр. Олардың арасында суды үнемді пайдалану ісінде оң тәжірибесі қалыптасқан елдер бар. Дарияның төменгі бөлігінде орналасқан Сыр өңірі үшін су тапшылығы кейінгі жылдарда күн тәртібінен түскен жоқ. Былтыр Су және ирригация министрлігі жұмысын бастады. Бұл мәселе біраз жылдан бері айтылып келді. Өкінішке қарай, бізде ол комитет деңгейінде қалып қойды. Комитет көптеген мәселені шешуге келгенде қауқар таныта алған жоқ. Сондықтан мен министрлік құрылуын қолдаймын. Ол дер уақытында жұмысын бастады.

Министрліктің жүйелі жұмыс істеуі үшін елімізде «Су кодексі» жаңадан қабылдануы тиіс деп санаймын. Бұдан бұрын ол 2003 жылы өмірге енгізілді. Одан бері қанша уақыт өтті. Десе де жиырма жылдан астам уақыттан бері оған ешқандай өзгеріс енгізілмегені сала жұмысын қожыратып жібергені жасырын емес. Осындай себептерге байланысты мамандар кодексті жаңадан қабылдау жөнінде айтып жүрген еді. Қазіргі таңда кодекс қайтадан дайындалып, құзырлы орындардың барлығы сараптамадан өткізілді. Қазір Парламент талқылауында жатыр.

- Су ресурстарын үнемді пайдалануда қандай тәжірибеге сүйенген абзал?

- Cыр өңірінде егіннің 98 пайызы суармалы жүйеге негізделген. Менің ойымша, кодекс дұрыс жасалған. Әсіресе, суды қорғау, ысырабына жол бермеу мәселесіне баса назар аударылған. Мұндай келеңсіздікке жол бергендерге қандай шаралар қолдану қажет екені ескерілген. Кодексте аталған мекеменің құзыретін күшейту тиянақты ойластырылған. 

су
Фото: Кейіркердің жеке мұрағатынан

- Ысырапшылдықты айыппұлмен шеше аламыз ба?

- Кодексте шашпа-төкпелікке жол берген шаруашылықтарға айыппұл мәселесі қамтылған. Әйтсе де, ескерілмей қалған жағдайлар бар. Мәселен, олардың қатарында ішкі су жолдарында суды пайдаланатын тұтынушылар мәселесі бар. Бұл проблема назардан тыс қалып қойған. Әдетте, бір каналдың бойында бес-алты шаруашылық орналасады. Алғашқы орналасқаны күрішті алдымен суаруға әрекет етеді. Ал аяқ бөлігіндегі шаруашылыққа су жетпей қалуы мүмкін. Соның салдарынан диқандар арасында келіспеушілік туады. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Мұны оң шешу үшін бір тетік қажет. Бұл жауапкершілік белгілі бір мекеменің құзыретінде болғаны дұрыс.

Қазір суға қатысты мекемелер ішкі шаруашылық каналдар жұмысын бақылай алмайды. Оған қатысты шағын және орта кәсіпкерлікті қорғау туралы заң талабы бар. Соның салдарыннан шаруашылықтар суды ортақ пайдалануда келіспей жататын жағдайлар бар.

- Су шығынынан өзге ақысына қатысты да түрлі пікір бар. Ашығын айтыңызшы, біз қай деңгейде жүрміз?

- Айта кетсек, «Судың да сұрауы бар» деген сөз енді мәнін айшықтайтын кез келді. Кемшілікке жол берген шаруашылыққа қандай талап қоя аламыз? Көп жағдайда кейбір шаруашылық басшылары су ақысымен күзде есептесетінін айтады. Бірақ кейде сол уәде орындалмай қалады. Қазірге дейін оны реттейтін тетік болған жоқ. Амалсыздан оларды сотқа беруге мәжбүрміз. Оған қаншама уақыт кетеді. Екі ортада ақша құнын жоғалтады. Жалпы, мына жағдайды түсінуіміз тиіс. Қаржы уақытында төленген жағдайда көп жұмысты жүйелей аламыз. Мәселен, гидротехникалық құрылыстар уақытылы жөнделіп, оларды тазалауға мүмкіндік туар еді.

Айта кетерлігі, кодексте су жүйелерін бір мекемеге бекіту мәселесі ескерілмей қалған. Бұл – жиі көтеріліп жүрген мәселе. Облыста егесіз жатқан су жолдары бар? Оны кім тазалайды? Кеңестік кезеңде ол мемлекет есебінен жүзеге асты. Шаруашылықтар оны жан-жақты пайдаланады. Алайда, оған жауап беретін мекеме жоқтықтан су жолдарын тазалау қолға алынбайды. Ендігі кезекте олай жасауға ешбір негіз жоқ. Мұндай каналдарға жауап беретін бір мекеме бекітілгені жөн. Сонда ғана нәтиже шығады. Бәріне есеп жасалуы қажет.

- Кіші Аралдың тағдырына қатысты да әрқалай пікір айтылып жатыр…

- Кіші Аралды сақтап қалу – Сыр өңіріне ғана қатысты емес, бүкіл дүниежүзіне тән экологиялық жағдай. Жаңа су кодексінде кіші теңізге бөлек су лимитін қарастыру жөнінде ұсыныс айтылып жатыр. Лимит мәселесі Сырдарияның бойында жатқан барлық мемлекетке ортақ болуы тиіс. Еліміздің 50-60 пайыз бөлігі трансшекаралық өзендер бойында орналасқан. Су көздері бастауын Қытай, Ресей, Орта Азия елдерінен алады. Тығырықтан шығатын жол қайсы? Ендігі кезекте су ресурстарын үнемді пайдалануды толық жолға қойғанымыз жөн.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде 9 су қоймасын салу және 120 гидротехникалық құрылысты жөндеу жөнінде тапсырма берді. Оның ішінде біздің облыстағы 26 гидротехникалық құрылыс пен су жүйелері бар. Олардың жоба-сметалық құжаты дайын болғаннан кейін қаржы республикалық бюджет есебінен қарастырылады. Бұл жұмыстар жүзеге асқаннан кейін су пайдалану коэффициентін 70-75 пайызға көтеруге болады.

Тамшылатып, жаңбырлатып суару әдісі Жамбыл, Түркістан, біздің облыстың оңтүстік аудандарында пайдалануға болады. Ал күрішке қолдануға келмейді. Аймақтағы іргелі шаруашылықтар өзіне қарасты алқаптардың басым бөлігін тегістеп, суды мейлінше тиімді пайдаланып отыр. Сол арқылы су шығынын 15-20 пайызға дейін азайтты. Облыс әкімі кодексте лазерлік тегістеу ісін жолға қойған шаруашылықтарды қолдау жағы да ескерілуі қажет екенін назарға салды. Біздің облыс үшін тиімді тәсіл ретінде бағалаймыз. Ішкі каналдарды тазалап, жерді лазерлік әдіспен тегістеуге жол ашқанымыз дұрыс.

Оған қойылатын талап та жоқ емес. Біріншіден, мұнда пайдаланылатын су таза болуы тиіс. Оған дарияның суын бірден пайдалана алмайсың. Екі-үш мәрте тазалаудан өткізуге тура келеді. Қазір жаңбырлатып суару әдісімен дария суын пайдаланып жүрген шаруашылықтар алдымен суды тұндырып алады. Одан кейін израильдік технология бойынша қажетті мақсатқа жұмсайды.

- Австралиялық «Рубикон» компаниясының құрылғысы туралы не айтасыз?

- Мұның тиімділігі қажетті суды дәлме-дәл мөлшерде бөліп бере алады. Ендігі кезекте оны «Қызылорда сол жаға» магистралды каналын да іске қосамыз. Десе де мына мәселеге назар аударғанымыз жөн. Австралияда су жүретін каналдың барлығы бетондалған. Әрбір тамшы су тиісті мақсатына жұмсалады. Бізде олай емес. Келешекте біз де оған көшеміз. Оны ешкім жоққа шығара алмайды.

- Елімізде жерасты суының 0,8 пайызын ғана кәдеге асырылып отыр екен. Бұл жөнінде ойыңыз қандай?

- Оны көкөніс-бақша дақылдарын пайдалануға әбден болады. Тоқсаныншы жылдарға дейін облыста 40-50 метр тереңдікте қазылған 167 дренажды скважина халыққа қызмет көрсетті. Өкінішке қарай, бүгінде сол скважиналардың небәрі 18-і жұмыс істеп тұр. Тиісті қаржы бөлінсе, қалғанын қайтадан қалпына келтіруге мүмкіндік бар. Жалпы жерасты суын пайдалану арқылы бірқатар проблеманы шешуге болады. Алайда кейбір өсімдікке кері әсері бар. Ағаштың көктемей қалуына да әсер етеді.

Кеңестік кезеңде ғалымдар Сыр өңірінің ауа райы, климаттық жағдайы, топырағын зерттеді. Сол арқылы 238 мың гектар алқапты инженерлік жүйеге келтірді. Оған кезінде қаншама қаржы жұмсалды. Облыстың күріш шаруашылығына бейімделу себебі бар. Мәселен, біздің аймақта Арал теңізі орналасқан. Егер өңірде күріш екпеген жағдайда одан ұшқан тұз қоршаған ортаға көптеген зиянын тигізеді. Ғалымдар осындай мәселенің барлығын басты назарда ұстаған.

Облыста жылына кем дегенде 70-75 мың гектар күріш егілуі тиіс. Олай болмаған жағдайда экологиялық тепе-теңдіктен айрылып қаламыз. Ол үлкен апатқа соқтыруы мүмкін. Қазірге дейін облыста 89-90 мың гектар күріш егіліп келді. Әрине, оны сәл азайтуға болады. Дегенмен толық көлемде күріштен бас тартуға ешбір негіз жоқ.