Судьяларды іріктеуге арналған ақпараттық жүйе құрылды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда судьяларды іріктеуге арналған ақпараттық жүйе құрылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Жанат Оспанова мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2026 жылы кадрлық үдерістерді толық цифрландыруға басымдық беріледі. Қазір бұл бағытта автоматтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Осы мақсатта «Вакансиялар», «Судьялар тізілімі» және «Соттар тізілімі» модульдерін қамтитын жүйе әзірленді. Ол кадрлық үдерістердің ашықтығын арттырып, мерзімдерді қысқартуға және шешім қабылдауда адами фактордың әсерін азайтуға мүмкіндік береді, – деді Жанат Оспанова.
Жүйені 2026 жылғы шілдеде тәжірибелік пайдалануға енгізу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін судьяларды іріктеу емтиханын тапсыру мерзімі 1,5 жылдан 3 айға дейін қысқарғаны хабарланған болатын.