Суэц каналындағы кеме қозғалысы қайта жанданды
Дүйсенбі түнде канал әкімшілігі су арнасына 110-нан астам кеме шығады деп хабарлады. Каналға таяу тұста бірнеше жүзден астам кеме жиналып қалған.
Triple Е санатына жататын 400 метрлік контейнер тасушы MV Ever Given Суэц каналының оңтүстік бөлігінде 24 наурызға қараған күні қайраңға тұрып қалды. Қытайдан Нидерландыға қарай беттеген кеме күре су жолының екі жағындағы қозғалысты толықтай бұғаттап тастады. Контейнер тасушыны жалдаған тайвандық Evergreen компаниясы бұл жағдай ауа райының қолайсыздығынан туындады деп отыр. Қатты жел екпінімен кеме өз бағытынан ауытқып кеткен.
Құтқару командалары контейнер тасушыны 29 наурызға қараған түні қайраңнан шығарды. Ол үшін жүк тасушы кеменің айналасын тереңдетіп қазуға тура келді.
1869 жылы ашылған Суэц каналы Таяу Шығыстан Еуропа мен АҚШ-қа мұнай тасымалдайтын маңызды маршрутқа айналған. Әлемдегі ең маңызды сауда маршруты саналады. Оның үлесіне ғаламдық теңіз саудасының 10 пайызы келеді.