Суицид, буллинг, ұрып-соғу: Әйелдер мен балаларды қорғайтын заңнама қалай өзгерді
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зулхаиров әйел құқығы мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Әкімшілік кодекстерге қандай түзетулер енгенін түсіндіріп берді.

Спикердің айтуынша, бұл заңның бірегейлігі — барлық шаралардың қабылдануында: отбасылар мен балаларға көмек көрсету инфрақұрылымы жасалады, зорлық-зомбылықтың алдын алу (ерте анықтау), зорлық-зомбылық құрбандарына көмек, сондай-ақ бала құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту жөніндегі нормалар бар.
«Қылмыстық кодексте кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық қылмысы бойынша татуласу мүмкіндігі алынып тасталды. Денсаулыққа қасақана ауыр, ауырлығы орташа зиян келтіргені үшін және азаптағаны үшін жауапкершілік күшейді, бас бостандығын шектеу сияқты жаза түрі алынып тасталды. Кәмелетке толмаған адамды зорлағаны үшін енді тек өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы болады (бұрын 20 жылға бас бостандығынан айыру баламасы болған еді)», — деді Р. Зулхаиров Орталық коммуникациялар қызметінде.
Адам ұрлау және заңсыз бас бостандығынан айыру қылмысы үшін жаза күшейді, әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты арнайы біліктілік енгізілді.
Суицидті насихаттағы үшін және 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
«Тағы бір түбегейлі өзгеріс — денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу болды. Бұл үшін 200 АЕК дейін айыппұл (738 мың теңге) не түзеу жұмыстары, не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделген. Мұндай әрекеттер бірнеше рет жасалса, кәмелетке толмаған адамға немесе тәуелді адамға қатысты жасалса — құқық бұзушы екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», — дейді спикер.
Ұрып-соққаны үшін — 80 АЕК дейін айыппұл (295,4 мың теңге) не түзеу жұмыстары, не 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 25 тәулікке дейін қамауға алу көзделген. Ал бірнеше рет қайталанған жағдайда — 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы бар.
Оған қоса, бұл іс жария айыптау ісі болып саналады және жәбірленуші шағымынан тыс қылмыстық тергеу басталады. Сотқа «агрессорды» тұрғын үйден уақытша шығару құқығы беріледі.
Сондай-ақ, сот «агрессордың» денсаулық сақтау органдарында міндетті психологиялық көмек алуын тағайындауға құқылы.
Сондай-ақ, Әкімшілік кодексте балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын орындамағаны үшін ата-аналардың жауапкершілігі енгізіледі.
Алғаш рет кәмелетке толмаған адамды қудалау (буллинг, кибербуллинг), сондай-ақ ата-анасының және (немесе) заңды өкілінің еріп жүруінсіз 16 жасқа толмаған адамды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіргені үшін жауапкершілік енгізіледі.
«Полиция қызметкерлері әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету заңын орындауға дайын. Біз мұндай жағдайларға жауап беру және тергеу алгоритмін, әдістемелік ұсыныстарды, іс жүргізу құжаттарының бланкілерін әзірледік. Жалпы, ішкі істер министрлігі жаңа форматта жұмыс істеуге дайын», — деді Р. Зулхаиров.