Суицид жасаған бала ата-анасын осылай жазалап кетеді — психолог

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Психолог Зарина Қаһарманқызы жасөспірімдер суицидке не үшін баратынын, алдын алу үшін не істеу керектігін айтып берді.

психолог
Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Ата-анасынан махаббат көрмеген, үнемі қорланып өскен бала ересек өмірінде аутоагрессияға бейім болады. Аутоагрессия дегеніміз — өз-өзіңе зиян келтіру, өзіңе бағытталған қастандық. Баланың ата-анасы жоғары талап қойып, жиі кінәлап, жұрттың баласымен салыстырып, жаза ретінде сөйлеспей қою әдісін көп қолданған болса бұл өте қауіпті. Аутоагрессияның ең соңғы деңгейі — суицид. Жасөспірімдер суицидті демонстративті түрде қолданады, яғни мақсат — өмірден өту емес, ата-анасының назарын өзіне аударып, жанайқайын жеткізу», — дейді Зарина Қаһарманқызы.

Оның айтуынша, аутоагрессия ашық және жанама түрде болады. Ашық түрі — суицид жасау, жанама түрі — маскүнемдік, нашақорлық, тамақ көп жеу, темекі шегу, эстремалды спорт түрімен айналысу.

«Суицид жасайтын ересек адамдардың 70%-ы бұл туралы ашық не астарлы түрде, әзіл түрінде болсын айтады. Олардың миында қандай да бір тығырықтан шығудың бірнеше жолы болмайды, тек бір жол бар, ол — өзіне қол салу. Ал жасөспірімдер болса қол жұмсау әрекетін жасағанымен, құтқарылып қалуды тілейді. Ол өмірмен емес, өзінің көптен бері жүрген күйімен қоштасқысы келеді», — дейді психолог. 

Интернет, мобильді ойындар шектен тыс көп қолданылса өте зиян. Ата-анасымен эмоциялық түрде жақын байланыстағы бала өмірге қауіп төндіретін ойынға әуес болмайды. 

«Аптасына бір рет, тым болмағанда екі аптада бір рет балаңыздан оны ренжітіп алған жоқсыз ба, көңілі тоқ па — сұрап отырыңыз. Қандай ойындарға әуес екенін байқап көріңіз. Мысалы, тек атыспақ ойын ойнаса — бейсаналы түрде кімді атқысы келеді, кімге ашулы, кімге ызалы, кімді жазалағысы келеді? Сұрап көріңіз. Ойынның ішінде терезеден секіру тапсырмасы берілсе, бала өмірде терезеден секіріп кетсе — бұл ненің белгісі? Ойын мен шынайы өмірді ажырата алмайтын баланы міндетті түрде психолог, психиатр маманға апару керек», — дейді Зарина Қаһарманқызы. 

Психолог өз сөзінде жазалаушы, менсінбеуші, кемсітуші ата-анамен күресу балаға қиын екендігін жеткізді. 

«Сол себепті бала сол ата-ананы символикалық тұрғыда өз ішіне кіргізіп алып, үнемі іштей дау-дамайда жүреді. Күндердің бір күнінде сол іштегі ата-ананы өлтіру үшін суицид жасайды. Ол өзі ғана өмірден өтпей, ата-анасын солай жазалап кетеді. Баласы өмірден озған ата-ана бір-бірін кінәлап, әрдайым марқұм баласын ойлап, „тірі өлікке“ айналады. Осындай жағдайға тап болмас үшін әр ата-ана баласының қалауына құлақ түріп, ақылдасып, жиі әңгімелесіп, сезімдерін сұрап, рухани байланыста болуы керек», — дейді ол.

Еске салсақ, осыған дейін Оқу-ағарту министрлігі бала құқықтарын қорғау комитеті оқушылардың интернеттен теріс тәрбие алып, зиян шегуіне жол бермес үшін ата-аналарға бірқатар ақыл-кеңес бергені хабарланған.