Су министрі: Құлсарының іргесіндегі Жем өзеніне биыл да былтырғыдай су келеді

АСТАНА. KAZINFORM — Былтыр тасқыннан қатты зардап шеккен Құлсары қаласына биыл судан қауіп бар ма? Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке ведомствоның мәжіліс алқасынан кейін журналистер осындай сұрақ қойды.

Құлсары
Фото: Атырау облысының жедел штабы

Министрдің айтуынша, Құлсарының іргесіндегі Жем өзенінен биыл да мол су келеді.

— Былтыр жағаны бекемдеу жұмыстарына 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Ол ақшаға Жемнің арнасын аршып, жағасын бекемдеу жұмыстары атқарылды. Өзен арнасының 90 шақырымын тазалау керек болған. Қазір соның 85 шақырым тазаланды, — деді ол.

Нұржан Нұржігітов
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Ведомство басшысы тұрғындарды тасқыннан қорғайтын бөгет әлі толық салынып бітпегенін атап өтті.

— Одан бөлек арнайы дамбы соғылып жатыр. Оның 40 шақырымы дайын. Бұл 70-75 пайызы деген сөз. Қалғанын аяқтауымыз керек. Жем өзені бойынша кеше ғана нақты болжам алдық. Биыл қалыптасатын судың көлемі былтырғы көлемге сәйкес келетін түрі бар. Жергілікті әкімдікпен, төтенше жағдай қызметімен бірге соған дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, — деді Нұржан Нұржігітов.

Еске салсақ, былтыр Атырау облысындағы Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккендер үшін тұтас бір жаңа шағын аудан салынған болатын

Соңғы жаңалықтар