Құлсарыда су тасқынынан зардап шеккендер үшін жаңа шағын аудан салынып жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккендер үшін жаңа шағын аудан салынып жатыр.

Атырау
Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, жаңадан бой көтеріп жатқан «Болашақ» деп аталатын жаңа ауданға кезең-кезеңімен 100 отбасы қоныстанады. 

Су тасқыны
Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

«Тұрғын үйлерді қайта қалпына келтіру шаралары аясында Құлсарыда тамыз айының соңына дейін 80 үй пайдалануға берілмек. Мұнда құрылыс жұмыстары қарқын алған. Құрылыс алаңында жергілікті 8 мердігер мекеме және 414 жұмысшы жұмылдырылды. Ал, 20 үйдің құрылысын қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр», - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Әр үйдің көлемі – 100 шаршы метр, 5 бөлмесі бар. Қазір 84 үйдің қабырғасын қалау жұмыстары аяқталған. Ал, 57 үйдің төбе жабындысын жабу жұмыстары жүріп жатыр. 

Үй салу
Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Сондай-ақ, 35 үйдің сылақ жұмыстары басталып, 43 үйге терезе орнатылды. Жаңа үйлерге электр, су, кәріз желісі тартылды.

Министрліктің Ахуалдық орталығының мәліметінше, Атырау облысында барлығы 2 674 объектіге техникалық тексеру жүргізілген. Соның нәтижесінде 100 үй салынып жатыр. Тұрғындарға 1 376 үй сатып алу қажет болған. Оның ішінде 1 372 үй сатып алынған. 

Сонымен бірге 1 198 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізуге шешім қабылданған. Қазір 1 191 үйде жөндеу аяқталған. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Құлсары халқына үй сатып алуға, жөндеуге 70 млрд теңге аударылғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Құлсарыда салынып жатқан 100 үйдің 80-і тамыздың соңына дейін пайдалануға берілетінін хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар