Сұранысқа ие 10 мамандық: көлік жүргізушісі мен аспаз көш басында
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет жүргізген кешенді талдаулар мен болжамдар 2025-2030 жылдары жұмысшы кадрға сұраныс өсетінін көрсеткен. Сұранысты қанағаттандыру үшін кәсіби оқыту жүйесін дамыту мен болашақ трендтерге икемделу маңызды. Осы екі бағыт әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды алғышартына айналмақ. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне арнайы сауал жолдаған едік.

Жұмысшы кадрға қажеттілік тұрақты өсіп келеді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2025-2030 жылдарға арналған кадрларға қажеттілік жөніндегі болжамы бойынша, бұл кезеңде ел экономикасына шамамен 1,6 миллион жаңа маман қажет болады. Оның 403 мыңы - жұмысшы мамандық иелері. Ал, сұраныс төмендегідей:
- 2025 жылы – 63,8 мың адам
- 2026 жылы – 65,7 мың адам
- 2027 жылы – 67,9 мың адам
- 2028 жылы – 66,8 мың адам
- 2029 жылы – 67,5 мың адам
- 2030 жылы – 71,4 мың адам
Осы деректерге сүйене отырып, еңбек нарығында жұмысшы кадрға деген қажеттіліктің тұрақты өсіп келе жатқаны анық байқауға болады. Ең жоғары сұраныс құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және денсаулық сақтау салаларында. Бұл еңбек нарығында нақты өндірістік міндеттерді орындау қабілеті бар жұмысшыларға деген сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді.

Сұранысқа ие мамандықтар
Министрлік ерекше сұранысқа ие мамандықтардың тізімін де ұсынды. Болжамға сәйкес, көш басында медицина мамандары тұр. Көлік жүргізушілері үздік ондықтың екінші сатысына тұрақтаған. Қалған тізім мынадай:
- Орта медициналық күтім персоналы – 28 806 адам
- Жүк көліктері жүргізушісі – 20 594 адам
- Аспаз – 17 303 адам
- Дәнекерлеуші – 15 560 адам
- Сантехник – 11 638 адам
- Автобус жүргізушісі – 10 858 адам
- Тракторшы – 9 650 адам
- Техник-электрик – 9 666 адам
- Өнеркәсіптік жабдық слесарі – 7 406 адам
- Электр монтері – 6 080 адам
Бұл тізім жұмысшы мамандықтарының тек өндірістік секторлармен ғана емес, әлеуметтік қызмет көрсету салаларымен де тығыз байланысты.

Жұмыссыз азаматтарды кәсіби қайта даярлау және дағдыларын арттыру мақсатында мансап орталықтары белсенді жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда оқытудың үш негізгі түрі бар:
- Білім беру ұйымдарында оқыту – шәкіртақы, жол жүру, тұру шығындары өтеледі.
- Жұмыс беруші жанындағы оқыту – нақты жұмыс орнында жалақы ала отырып үйрену.
- Skills.Enbek порталы арқылы онлайн оқыту – кез келген адамға қолжетімді.
2024 жылы бұл бағытта 67,5 мың жұмыссыз адам кәсіби біліктілігін арттырған. Олардың 87%-ы оқуды аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, skills.enbek.kz порталында 859 онлайн курс бар, оның ішінде 160 курс – жұмысшы мамандықтарға арналған. 2025 жылдан бастап бұл порталда VR/AR технологияларын қолданатын оқыту курстары іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Жастар мен ауыл тұрғындарына қолдау артады
Жастар елдің – болашағы. Мұны Президент те үнемі тілге тиек етеді. Мемлекет ауыл жастарының еңбекке орналасуына ерекше көңіл бөледі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ауылдық жерлерден шыққан 159,7 мың жұмыссыз жас азамат мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған. Оның ішінде:
- 69,7 мың жас жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысты
- 12,7 мың кәсіпкерлікке дағдыланды
- 2,2 мың грант алып, бизнес бастаған
- 47 мыңға жуық субсидияланатын жұмыс орындарына орналасты.
Бұдан бөлек, «Дипломмен ауылға» және «Ауыл аманаты» жобалары арқылы ауылда тұрақты жұмыс істеуге ниетті жастар мен мамандарға қаржылық қолдау да бар.
Автоматтандыру мен жасанды интеллектің дамуымен қатар, алдағы уақытта кейбір жұмыс орындары жойылып, жаңа мамандықтар пайда болуы мүмкін. Мұны 2022 жылы жүргізілген зерттеу нәтижесінен аңғаруға болады. Мәселен, жұмыскерлер функцияларының 29%-ы автоматтандырылуы мүмкін. 13% жұмыс орны жасанды интеллектпен алмастырылуы ықтимал. Министрлік әзірлеген Кәсіптер мен құзыреттердің атласы болашақта сұранысқа ие жаңа мамандықтарды белгілеп отыр. Мысалы: агроном-экономист, агро-информатик тізімнен шығып, робот техникасы операторы, цифрлық жобалаушы, энергия үнемдеу инженері, блокчейн желілері әкімшісі, жабдық жаңарту инженері санатқа қосылуы бек мүмкін.