Суретші Ә.Ысмайыловтың жеке туындылары қойылған көрме ұйымдастырылды
АЛМАТЫ. 28 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайында Қазақстанның халық суретшісі, санқырлы өнер иесі Әубәкір Ысмайыловтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Әлем көшпенді бояуында» атты көрме ашылады.
Оған қылқалам шеберінің 1930-1990 жылдары дүниеге әкелген 100-ге жуық кескіндемелік және графикалық туындысы қойылып отыр. Ерен еңбегімен көзге түскен мәдениет қайраткері әр жылдары Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі ордендерімен марапатталып, Қазақ КСР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ КСР Халық суретшісі атағын иеленді.
1928 жылы Қазақстаның алғашқы жылжымалы көрмесіне қатысқан Әубәкір Ысмайылов Омбыдағы М. Врубель атындағы көркемсурет-өнеркәсіп техникумында, 1929 жылы Мәскеудегі Жоғары көркемсурет-техникалық институтында, ал 1930 жылы Мәскеу Полиграфия институтының графика факультетінде білім алады. 1931 жылы «Октябрь» суретшілер бірлестігіне қабылданды, 1932 жылы КСРО Суретшілер одағының ұйымдастыру комитетінің мүшесі болып, ұлттық суретшілер одағын құруға көмектесу үшін Қазақстанға жіберілді. Нәтижесінде 1933 жылы Қазақстанда ресми түрде Суретшілер одағы құрылды. 1935 жылы Мәскеудегі кәсіби суретшілер бірлестігіне мүшелікке өткен Ә.Ысмайылов 1940 жылға дейін Қазақстан суретшілер одағының ұйымдастыру комитетінің төрағасы болады. 1961 жылы балетмейстер Д. Әбиіровпен бірігіп қазақ билерінің энциклопедиясын жарыққа шығарып, кинематография саласында «Күту», «Көгілдір маршрут», «Сол күндерде», «Тақиялы періште», «Қыз Жібек» фильмдеріне түседі. Оның бай мұрасы бүгінгі таңда қазақ бейнелеу өнерінің алтын қорынан лайықты орнын алды. Хас шебердің кескіндемелік және графикалық туындылары өзінің орындалу шеберлігімен, тақырыбы мен сюжетінің шексіз алуандығымен, бояуының байлығымен және образдарының философиялық көтеріңкілігімен таңғалдырады.