Светлана Жақыпова субсидияланатын жұмыс орындарына қатысты проблемаларды атады
АСТАНА. KAZINFORM – Аталған мәселе туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ҮЕҰ өкілдерімен әлеуметтік-еңбек саласын дамыту мәселелерін талқылау барысында айтты.
Оның сөзінше, субсидияланатын жұмыс орындарының барлық түрлерін іске асыру кезінде бюджет қаражатын жымқыру және тиімсіз пайдалану фактілері анықталған.
«Бюджет қаражаты тек мақсатты түрде жұмсалуы тиіс. Субсидияланатын жұмыс орындары – бұл жұмыс берушілерді қолдау емес, халықтың әлеуметтік осал топтардағы жұмыссыз азаматтарға қолдау көрсету құралы екенін түсінетін уақыт жетті. Осы себепті министрлік оларды ұйымдастыру шарттарын қайта қарастырды. Енді бұл процесс толықтай автоматтандырылады. Жұмыс берушілер тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге міндетті болады, сондай-ақ жұмыс орындарын құру лимиті – кәсіпорындағы жұмыскерлердің жалпы санының 10%-ынан аспауы тиіс. Егер жұмыс берушілер мемлекеттік қолдаудың басқа да түрлерін алып отырса, олар субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға қатыса алмайды. Бұл жаңашылдықтар субсидияланатын жұмыс орындарының тиімділігін арттыруға, тұрақты жұмыспен қамтуға және бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына бағытталған», – деді министр.
Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға ҮЕҰ-ның қатысу үлесі – 2,8%-ды құрайды. 2024 жылы барлығы 66 мыңға жуық шарт жасалған болса, оның 1 817-сі – ҮЕҰ. Жалпы 188 мыңнан астам адам, оның ішінде ҮЕҰ арқылы – 6,5 мың адам немесе 3,5% жұмыспен қамтылды.
Айта кетейік, осыған дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу өткізді.
Осыған дейін Светлана Жақыпова әлеуметтік қызметтерді лицензиялау кезінде анықталған кемшіліктерді атаған болатын.