Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес толастамайды– Қызылорда облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Н.Қамбатыров
ЫЛОРДА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Кезекті күнтізбелік жыл аяқталып келеді. Әдетте осы кезде жыл он екі ай бойында атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып жатады. Біздің тілшіміз Қызылорда облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы, қаржы полициясының полковнигі Нұрлан Қамбатыровпен жолығып, саланың бір жылғы жұмысына талдау жасап беруді өтінген еді.
- Біздің департамент қызметкерлері ағымдағы жылдың 11 айында экономикалық сипаттағы 415 қылмысты анықтады. Олар бойынша келтірілген залалдың 3,9 млрд.теңгесі өндірілді, - деп бастады әңгімесін Н.Қамбатыров. - Экономикалық қызмет саласында барлығы 320 қылмыс тіркелді, олардың 231 елеулі қылмыстар болып табылады. Бір байқалғаны, экономикалық қылмыстардың басым көпшілігі мемлекеттік сатып алумен, бөтен мүлікті иеленіп алу және ысырап ету, жалған кәсіпкерлік, заңсыз жолмен табылған ақша қаражатын немесе басқа мүліктерді заңдастырумен, заңсыз кәсіпкерлікпен, қасақана және жалған банкроттықпен байланысты болып отыр. Сондайлардың бірі - «Энергетик және ДАС» ЖШС-ның бұрынғы директоры мен құрылтайшысына қатысты қылмыстық істі жақында сотқа жолдадық. Онда анықталғаны, аталған лауазымды тұлғалар 2009 жылы тиесілі салықтарды төлемеу мақсатында кәсіпорын қаражатын құрылтайшының есеп шотына заңсыз аударып, бюджет алдындағы 27,4 млн. теңге қарызын төлемей, кәсіпорынды төлем қабілетсіздігіне әкеліп, қасақана банкроттыққа соқтырған.
- Қызылорда өңірі кейінгі кездері мұнайлы аймақтар қатарына енгені белгілі. Айтылып-жазылып жүргеніндей осы өндіріс төңірегіндегі жең ұшынан жалғасқан қылмыстардың саны артып келе жатқан сияқты...
Біздің департамент қызметкерлерінің жұмысындағы басым бағыттардың бірі - мұнай-газ секторындағы қылмыстарды анықтау және олардың жолын кесу. Осы салада атқарылған жұмыстардың нәтижесінде оның көлеңкелі айналымынан біраз қылмыстың ізін таптық. Соның арқасында биылғы жылдың 11 айында 47 қылмыс ашылып, айналымнан 198млн.теңгенің мұнайы мен мұнай өнімдері алынды.
Қылмыстарға барғандардың қатарында «Идеал ТАБ» ЖШС директоры Ж.Тұрманова, «Қорқыт баба» ЖШС құрылтайшысы Ш.Исмаил, «Үшқоңыр Қызылорда» ЖШС директоры Б.Қойшыбаев секілді азаматтар бар. Тексеру барысында олардың алдын ала сөз байласу арқылы қылмыстық жолмен табылған ірі мөлшердегі 14 цистерна 834,817 тонна шикі мұнайды сатып алып, сату арқылы заңсыз операциялар жүргізгені анықталды. Ақырында сот үкімімен олардан құны 55 млн. шикі мұнай мемлекет пайдасына өндіріліп, әрбірі 3 жылдан 6,5 жылға дейін сотталды. Осындай қылмысты жасаған «Мұнай Сервис ЛТД» ЖШС директоры М.Сағындықов жуырда 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол 2006-2008 жылдары қылмыстық жолмен табылған жалпы құны 131 млн.тенгені құрайтын 3641,8 тонна шикі мұнай мен мұнай өнімдерін сатып алып, жалған құжаттармен сатып заңсыз қаржылық операциялар жүргізген.
Қаржы полициясы огандарының жедел-тергеу қызметі көрсеткендей, мұнай компанияларының салықтан жалтару фактілері жиі анықталуда. Сондай қылмыстық іс «Торғай Петролеум» АҚ-ның лауазымды қызметкерлерінің үстілерінен қозғалды. Аталмыш акционерлік қоғамның лауазымды қызметкерлері міндетті түрде тапсырылуға жататын декларацияға жалған мәліметтер енгізу арқылы 2000-2002 жылдары бюджетке 3,7 млрд. теңге көлемінде қосымша құн салықтарын және міндетті төлемдерді төлеуден жалтарған. Алдын ала тергеу барысында келтірілген залал толығымен мемлекетке өндірілгеніне байланысты қылмыстық іс ақталмайтын негіздер бойынша қысқартылды.
Жалпы, салықтан жалтарушылыққа байланысты 46қылмыстық іс көтерілді. Оның ішінде 7 қылмыс азаматтардың салық төлеуден, 39 қылмыс ұйымдарға салынатын салықты төлеуден жалтару фактілері негізінде қозғалды. Олар бойынша келтірілген залал мөлшері 5,7млрд. теңгені құрады. Оның 3,9 млрд.теңгесі тергеу барысында қабылданған шаралар нәтижесінде мемлекетке өндірілді.
Салық төлеуден жалтару фактілерінің көпшілігі салық декларациясына жалған мәліметтер енгізу жолымен жасалған. Осыған орай тағы бір дерек - Қызылорда қалалық сотының үкімімен «Орда Энерго» ЖШС директоры М.Әбдікәрімов 1 жыл 6 айға бас бостандығынан шартты айыруға сотталды. Ол кәсіпкерлік қызметпен айналысу ниетінсіз жеке кәсіпкерлік субъектісін құрып, өзіне тиесілі мекемелерінің салық төлемдерін төлеуден жалтару мақсатында жалған кәсіпкерлікпен айналысқан. Осы арқылы мемлекетке 1,4 млрд.теңге залал келген. Сол сияқты «Строй Мода ЛТД» ЖШС директоры Т.Сұлтанов 1 жылға шартты жаза алды. Ол салық декларациясына жалған мәліметтер енгізу арқылы 2005-2009 жылдар аралығында бюджетке 684,5 млн.теңгенің салығын төлемей келген. «Best Сервис» ЖШС директоры А.Баешев те салық декларацияларына жалған мәліметтерді енгізу арқылы 2006-2008 жылдары бюджетке 68,1 млн.теңге көлемінде салықты төлемеген. Осының бәрі біздің кәсіпкерлік айналысатын тұлғаларымыздың бәрінің бірдей саналары жоғары емес екенін көрсетеді.
-Нұрлан Дәулетұлы, мемлекет қаражатын талан-таражға салушылар хақында не айтар едіңіз?
- Біздің департаменттің негізгі жұмыстарының бірі де осы бағытта болғандықтан, онда да біраз қылмыстың бетін ашып үлгердік. Соның нәтижесінде ағымдағы жылдың 11 айында талан-таражға салу фактілері бойынша 112 қылмыстық іс анықталды. Аталмыш санаттағы қылмыстық істердің мемлекетке келтірілген залал сомасы 293,3 млн. теңгені құрайды. Мәселен, жақында ғана облыстық энергетика және коммуналдық басқармасының бұрынғы бастығы Е.Сұлтангереев пен оның орынбасары В.Мухамедияровтың істері сотқа тапсырылды. Олар қызметтік жалғандық жасау арқылы, қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланып, 2008 жылы облыстық медициналық орталығының және өкпе ауруына қарсы күрес диспансерінің жылу қазандықтарын ілеспе газға ауыстыру жұмыстарын жүргізу барысында бюджеттің 89 млн.теңге қаражатын талан-таражға салған.
Жоғарыда айтып өттік, мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру кезінде жасалатын бюджет қаражатын ұрлау фактілері де азаймай келеді. Бұл қылмыс түрі мемлекетке айтарлықтай залал келтіруде. Біз есепті кезеңде осындай фактілер бойынша 21 қылмыстықіс қозғадық. Айталық, Қызылорда қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі С.Егембергенов айыппұл түріндегі жазаға сотталды. Ол қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланып, қызметтік жалғандық жасау арқылы «Eko kurylys Marketing» ЖШС-мен қалалық паркіне көркейту жұмыстарын жүргізу үшін жасалған келісімшарт бойынша атқарылған жұмыстарды қабылдау барысында, Ф-2 нысанды актісіне атқарылмаған жұмыстарды атқарылған деп көрсетіп, мемлекетке 3,7 млн.теңгеге залал келтірген.
Бұдан басқа, жыл ішінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бөлінген қаражатты талан-таражға салушылықтың да бірнеше дерегі анықталды. Соның бірі - «Мұқан» шаруа қожалығының төрағасының жұбайына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол алаяқтық жолмен, сенімге қиянат жасау арқылы бөтен мүлікті ұрлау мақсатында 2009 жылы шаруа қожалықтың 63 га жеріне күріш дақылы егілмесе де, егілді деп жалған құжаттар дайындап, мемлекеттен заңсыз 840 мың теңге субсидия алып, иемденген. Қазіргі уақытта қылмыстық іс тергелуде.
- Депарматенттің негізгі саласы - сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстарды анықтаудағы үлесі қандай?
- Сөздің ауанымен ақырындап бұған да келе жатырмыз. Қолданылған шаралар нәтижесінде 2010 жылдың 11 айында сыбайлас жемқорлық санатында 63 қылмыстық іс анықталды. Олардың басым бөлігін парақорлық фактілері құрайды. Осы деректер негізінде біз 13 қылмыстық іс қозғадық. Бұлардың 9-ы пара алушылық болса, 4-уі пара беру болып табылады.
Енді нақтылы деректерге жүгінсек, осындай қылмыстық істер негізінде облыстық орман және аңшылық шаруашылық аумақтық инспекциясы бастығының орынбасары Д.Арынов, Сырдария ауданы Іңкәрдария ауыл округінің әкімі М.Райбеков, осы ауданның Шаған ауыл округінің әкімі Ж.Жансейітов, Қызылорда аумақтық инспекциясының бас маманы мемлекеттік-ветеринарлық инспекторы Г.Жұмалиев, Қызылорда қаласы салық басқармасы бөлімінің жетекші маманы Е.Тілеубергенов, облыстық соттар әкімшілігінің сот орындаушысы Т. Аманқұлов әр түрлі мерзімдерге бас бостандығынын айыруға сотталды.
Қазіргі күндері сотта Қармақшы аудандық әділет басқармасының бас маманына қатысты қылмыстық іс қаралуда. Ол аудан тұрғыны Н. деген азаматтан жеке кәсіпкерлікпен айналасу үшін «Айлуна» ЖШС тездетіп тіркеп беруге 30 мың теңгені пара ретінде бопсалаған. Департамент қызметкерлері аталған лауазымды тұлғаны пара ретінде 30 мың теңге ақшаны алу үстінде ұстады. Сол сияқты облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің директоры Е.Қуандықов 7 жылға, аталмыш департаменттің тағам нысандарын санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бастығы С.Ахметова 7 жылға, және өндірістік нысандарды қадағалау бөлімінің бастығы Г.Байгисиева 7 жыл 6 айға сотталды. Олар алдын ала сөз байласып осы департаменттің бөлім бастығына қатысты қылмыстық іс қозғамау үшін қаржы полициясы қызметкеріне 200 мың теңге пара ұсынған. Сондай-ақ Арал ауданы Қосжар ауылдық округі әкіміне қатысты қозғалған қылмыстық іс тергелуде. Ол мемлекеттік сатып алу бойынша Қосжар ауылдық округіне көгалдандыру мен абаттандыруға және автомобиль жолдарының жөндеу жұмыстары толық жүргізілмесе де, осы жұмыстарды қабылдап алған. Аталмыш факт бойынша жүргізіліп жатқан тексеру барысында ол өзіне қатысты қылмыстық іс қозғаудан бас тартып, оң шешім қабылдау үшін департамент қызметкеріне 100 мың. теңге пара берген.
Тіркелген қылмыстарды талдау, мемлекеттік қызмет пен басқаруға қарсы заңбұзушылықтардың арасында көп таралған түрі сеніп тапсырылған мемлекет мүлкін талан-таражға салу екенін көрсетіп отыр.
Департамент қызметкерлері мемлекеттен әлеуметтік төлемақы ретінде бөлінген бюджет қаражатын жүйелі түрде ұрлаған қылмыстық топтың қызметін әшкерледі. Сырдария ауданының әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту бөлімінің сектор меңгерушісі М.Қартаева «Қазпошта» АҚ-ның Сырдария ауданы бойынша 12 ауылдық филиалының меңгерушілерімен қылмыстық сөз байласып, жалған құжаттар арқылы 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларына тиесілі жәрдемақыларды есептеу барысында нақты тиесілі тағайындалған жәрдемақы көлемінен қаржыны артық аударып, 18 млн. теңге бюджет қаражатын ұрлаған. Сырдария аудандық сот үкімімен М.Қартаева 5 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды.
Жыл ішінде экономикалық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында осындай қылмыстар ашылып, тиісті шаралар қолданылды.