Сынақтар мен орын алған олқылықтарға сүйену әдісі бізді алға жылжытпайды - Н. Нығматулин

АСТАНА. 13 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің жаңа нысандарын енгізу және олардың қолданылу салаларын кеңейту бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы кеңінен талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданды.
None
None

Депутаттардың белсенді талқылауынан соң, сөзге араласқан спикер Н. Нығматулин, кез келген мемлекетте экономиканы дамыту кезең-кезеңімен жүзеге асатынын тілге тиек етті. «90-шы жылдардың өз қиындығы болды, тіпті еліміздің қарапайым қаржы жүйесін қалыптастыру міндетін шешу күн тәртібінде тұрды. Сосын барып барлық бюджет қызметкерлерін жалақымен қамтамсыз ету мәселесі көлденеңдеді, даму, өндірісті әртараптандыру кезеңі де болды. Ендігі күні жаңа даму - мемлекеттік-жеке меншік әріптестік формасы алдында тұр. Бұнда әріптестік мәселесі ғана емес, оны кеңейту де өзекті. Ендеше, бұндай ауқымды жұмыста арнайы заң қабылдамай, құр қайталанған сынақтар пен кемшіліктерге сүйеніп алға жылжу - бұл ең тиімді нұсқа емес», - деді Мәжіліс төрағасы.

Сонымен қатар, заң жобасын әлі де пысықтай түсу қажеттігіне тоқталған ол «әлі күнге дейін жақсы жазылған заңдардың кейіннен дұрыс заң актілерінің болмауынан, оны орындауға жауаптылықтың жоқтығынан «ақсап» қалатынына» кейістік білдірді.

«Бұл ретте бізге ең алдымен, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік формасына көбірек үңілу қажет шығар. Осы үшін бизнес-қауымдастықты тарта отырып, заң жобасын екінші оқылымда кеңінен талқылауға болады. Біз бұған дайынбыз. Заңды шынайы өмірге барынша жақындатуға тиіспіз, өйткені бұнымен мемлекеттік институттар ғана емес, ең бастысы бизнес-қауымдастық жұмыс істейтін болады», - деді спикер.

Соңғы жаңалықтар