Сыр еліндегі кримоногендік ахуалдың тұрақты болуында полиция қызметкерлерінің үлесі көп - Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Ә.Әбжанов
ЫЛОРДА. 5 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - 2010 жыл қоғамдық тәртіптің сақшылары - полиция қызметкерлері үшін жеміссіз болған жоқ. Бұл ретте Сыр өңіріндегі ішкі істер қызметкерлерінің де қол жеткізген жетістіктер аз емес. Біздің меншікті тілшіміз Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Әлімхан Әбжановқа жолығып, өткен жылғы атқарған жұмыстары жайлы сұрап-білді.
- Әлімхан Досыбайұлы, облыс бойынша ішкі істер органдарын материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықтау жағы қалай іске асырылып жатыр?
- Өзгерістер, шүкір, ауыз толтырып айтарлықтай.2007 жылы іске қосылған жедел басқару орталығы бейне бақылау камераларының құқық бұзушылықтың алдын алудағы үлесі өте зор. Облыс әкімінің қолдауымен былтыр 16 дана камераның саны екі есеге көбейіп, көпшілік шоғырланған және тәртіп бұзушылықтар көптеп орын алған жерлерге орналастырылды. Нәтижесі жаман емес. 2010 жылы 17 мыңдай құқық бұзушылық анықталып, 60-тан астам қылмыс әшкере болса, бірталай көше қылмысының алдын алдық. Мұнымен облыс орталығының ең үлкен көшелерінің бойында орналастырылған процессинг орталықтары тәуліктің кез келген уақытында жол қозғалыс ережелерін бұзған автокөліктерді автоматты түрде тіркеп, шынайы бұзушылықты компьютер базасына енгізіп отырады. Атаулы құрылғылардың көмегімен сегіз мыңнан астам түрлі жол қозғалыс ережелерін бұзу деректері анықталып, құқық бұзушылардан бүгінде 38 миллион теңгеден астам айыппұлдар өндірілді.
Бірақ мұндай қондырғыларды қаланың 84 аймағына орналастыру талап етіліп отыр. Осыны ескере отырып алдағы уақытта әрбір іс-қимылға әсер ететін камералармен жабдықтау туралы ұсыныс білдірілді және атап өтерлігі мәселе оң шешімін тапқалы жатыр. Мұнымен қоса өткен жылы облыстың әрбір аудандық ішкі істер бөлімі және Қызылорда қалалық ІІБ әкімшілік ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Айта кету керек, өңірдің солтүстігінде орналасқан Арал мекеніндегі полиция бөлімінің ғимараты жаңадан бой көтеруде. Осы күнге дейін бөлімнің жеке құрамы сонау 1958 жылы соғылған жұмыс жасауға тым ыңғайсыз, апатты жағдайда тұрған екі қабатты ғимаратта еңбек етті. Осыған орай облыс әкіміне жаңа ғимарат салу қажеттілігі туралы ұсыныс білдіріп, оң шешім алдық. Міне, жергілікті бюджеттен бөлінген 243 миллион теңге көлеміндегі қаражатқа соңғы үлгідегі еуропалық стандарттармен төрт қабатты ғимараттың құрылысы бастау алып кетті.
Қармақшы, Қазалы аудандық ІІБ ғимараттары мен ондағы сезіктілерді уақытша ұстау абақтылары да күрделі жөндеуден өтті, олар әлемдік талапқа сай. Дәл осылайша басқа да аудандық полиция бөлімдері де жөндеуден өтіп, Сырдария аудандық ІІБ-ның жеке құрамы үшін атуға арналған су жаңа тир іске қосылды. 50 миллион теңге қаражат бөлініп, Қызылорда қалалық ІІБ толықтай жөндеуден өтті. Басқарма аумағында төрт қабатты әкімшілік қамау орны бой көтерді, ол жуырда іске қосылады деп күтілуде.
Облыстың ауылдық жерлеріне көп көңіл бөліп отырмыз. Әрбір елді мекеннің учаскелік полиция инспекторына үш бөлмелі жұмыс орны мен тұрғын үйі орналасқан ғимараттарды - жоспарымыздың бірі. Бұл орайда осындай ғимараттың біреуіне жеті миллион теңгеден астам қаражат қажет етіліп отыр. Бұдан бөлек автокөлік, компьютер және басқа да жұмысқа қажетті материалдық құндылықтар жылда жаңарып жатқаны тағы бар. Сондай-ақ қылмысты ашқаннан гөрі оның алдын алу әлде қайда тиімді екені баршамызға мәлім. Осы орайда 2011-2013 жылдарға арналған Қызылорда облысындағы құқық бұзушылықтар профилактикасы өңірлік бағдарламасын қабылдадық. Аталмыш құжатта көрсетілгеніндей, алдағы жылдары қылмыстың алдын-алу үшін жұмысымызға көптеген жаңа технологиялар мен әдістер еңгізілмек.
- Бұл бағдарлама аясында қандай шаралар қамтылатын болады?
- 2011-2013 жылдарға арналған Қызылорда облысында құқық бұзушылықтар профилактикасы өңірлік бағдарламасы «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 17 тамыздағы № 1039 Жарлығын, «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 29 сәуірдегі Заңын, сондай-ақ, Қазақстан Республикасында құқық бұзушылықтарды ескерту мәселелері бойынша заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерді іске асыру мақсатында әзірленді. Құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері демократиялық мемлекеттің халықаралық стандарттарына сәйкес құқық қорғау жүйесін қалыптастыру жөніндегі маңызды мемлекеттік қызметті құрайтын қоғамның тұрақты дамуының бірден-бір шарты болып табылады.
Осыған байланысты құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету проблемалары кешенді әрекеттерді, сондай-ақ осы саладағы жұмысты күшейту жөніндегі қабылданған шараларды қаржылық және техникалық қолдауды талап етеді. Негізінен, бағдарламаның басты мақсаттары: қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету дәрежесін арттыру, оның ішінде құқық бұзушылықтардың алдын алудың бірыңғай жүйесін құру, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа әдістерін енгізу, құқық бұзушылықтарды ескертуге азаматтар мен олардың бірлестіктерін тарту, ішкі істер органдарының материалдық-техникалық және ақпараттық қамтамасыз ету деңгейін жоғарылату және халықтың құқықтық санасының деңгейін арттыру.
Бағдарлама талаптарына сәйкес, учаскелік полицейлер, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар, жол сақшылары және есірткімен күресу жолындағы полиция қызметкерлерінің қылмыспен күресудегі рөлдері арта түспек.
- Тәртіп сақшылары күні-түні ел тыныштығын сақтау үшін тынбай қызмет етіп жатқаны белгілі. Әрбір ауқымды істің нәтижесін цифрлер байқататыны сөзсіз. Осы орайда облыстағы қылмыстық ахуалдың деңгейі туралы қысқаша айтып өтсеңіз.
- Қабылданып және іске асырылып жатқан іс-шаралар нәтижесінде Қызылорда облысында криминогендік ахуал тұрақты саналады. Біршама қылмыстардың кемуіне қол жеткізіп отырғанымыздың айғағы - расында статистикалық көрсеткіштер. Талдау жасай өтсек, былтыр, қоғамдағы тұрақтылықтың айшықты индикаторының бірі саналатын ауыр қылмыстардың кемуіне қол жеткіздік. Мәселен, алдыңғы жылы облыс көлемінде 348 ауыр қылмыс тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіш 13,2 пайзыға азайып, 302-ні құрады. Сондай - ақ тонау фактісі 145-тен 141-ге (-2,8 пайыз), есірткіге қатысты қылмыстар 55-тен 43- ке (-21,8 пайыз), кісі өлімі 25-тен 17-ге (-32,0 пайыз), мас күйінде жасалған қылмыстардың саны 303- тен 299 - ға (-1,3 пайыз), бұзақылық 404 - тен 368 - ге (-8,9 пайыз), бопсалау 13 - тен 11 - ге (-15,4 пайыз) азайды. Көше және қоғамдық орындардағы қылмыстардың кемуіне қол жеткізіп отырмыз. Айта кету керек, көптеген қылмыстардың ашылу пайыздары жоғары болды, ұйымдасқан топтармен жасалған қылмыстар, бопсалау оқиғаларының толықтай ашылды. Сонымен бірге тонау /145/, мас күйінде жасалған қылмыстар /303/, алаяқтық /195/ сынды қылмыстардың саны алдыңғы жылдардағы деңгейде сақталып қалып отыр. Мұның барлығы бойына борыш пен намысты, ар ұғымы мен адалдықты серік еткен, қоғамымыздағы тыныштықты сақтауда, қылмыстылықпен күресте аянбай еңбек етіп жатқан тәртіп сақшыларының ерен еңбегінің нәтижесі екенін атап өткен жөн.
Сонымен қатар атап өтер жайт, ай санап халық саны көбейе түссе де, қылмыс саны керісінше кеміп, оның ашылу пайызы полицейлердің кәсіби шеберліктерінің арқасында жоғарылап келеді. Бұны соңғы алты жылға жүргізген талдауымыздан аңғардық. Қуантарлығы, халық сенімі де арта түсуде.
- Қоғамды әрдайым өскелең ұрпақтың тәрбиесі толғандырады. Құқық қорғау саласының осы мәселедегі ролі қаншалықты және жасөспірімдер арасындағы заң бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы айтып өтсеңіз.
- «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп отыратын қалың қазақ орналасқан Сыр өңіріндегі жастардың криминогендік ахуалына келер болсақ, біздің тарапымыздан кәмелетке толмағандардың түрлі қылмыстық элементтерге бой алдырмауы үшін, бос уақыттарын тиімді пайдалану, олардың арасында патриоттық сезімдерін ояту мақсатында түрлі спорттық-мәдени шаралар, акциялар, дәрістер, дөңгелек үстелдер белсенді өткізілуде. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, азаматтың отбасынан алған тәлім-тәрбиесі, қандай ортада өскені есейгенінде өмірден қандай жол таңдауына алғышарт болады. Жайсыз отбасында өскен, әке-шешесінің күнде арақ ішкенін көріп өскен, әкесінің аузынан өнегелі, өсиетті сөздерді емес, түрлі балағат сөздерді естіп өскен баладан қоғамның толыққанды азаматы өсіп шығуы некен-саяқ. Осы орайда ата-ананың, оқу ордаларының жауапкершілігін және тәрбиедегі ролін күшейту бағытында бірқатар ұйымдастырушылық шаралары жүзеге асырылып келеді. Бір сөзбен айтқанда, мектеп, ата-ана, полиция баланың өмірде дұрыс бағыт алып кетуіне бірлесе ат салысуы керек.
Мемлекеттік және басқа да жасөспірімдер тәрбиесіне қатысты мекемелермен бірлесе отырып «Жасөспірім», «Балалар түнгі қалада» деп аталатын, сондай-ақ бірлескен түнгі патрульдер және тағы да басқа жедел-профилактикалық шаралар жүйелі түрде жүргізілуде. Нәтижесі жаман емес, жасөспірімдер арасындағы қылмыстылық алдыңғы жылғы деңгейден әлде қайда төмен. 2009 жылы мұндай оқиғалардың 129 тіркелсе, 2010 жылы бұл көрсеткіш 16,3 пайызға төмендеп, 108-ді құрады.
- Жеке құрамға қойылып жатқан талаптар да күшейе түскен шығар?
- Әрине, ІІД басшылығы тарапынан қарамағымыздағы қызметкерлерге қойылатын талаптар қашанда өте жоғары. Ең бастысы - азаматтардың сенімінен шыға білу қажет, адал еңбек ету керек. Себебі, әрбір азамат басына қауіп төніп қалған жағдайда, көмек сұрауды мақсаттап ең бірінші кезекте полиция қызметіне жүгінеді. Біздің қызметте кемшілік те, сын да болмайды емес. Сынның орынды айтылғаны да жақсы, себебі орынды сын кемшілікті түзетеді. «Бес саусақ бірдей емес» дегендей, арамызда ішкі істер органдарына кірген кезіндегі антына берік, еліне адал қызмет етіп жүрген қызметкерлермен қатар, өз қамын күйттеп заңсыз іс - әрекеттерге жол беріп қойған азаматтар да, өкінішке қрай, кездеседі.
Былтырғы жылы біз түрлі заң бұзушылықтарға жол берген 18 қызметкерді ІІО қатарынан шығардық. Айта кету керек, оның бесеуін департаменттің өзіндік қауіпсіздік басқармасы әшкерелеген. Бірақ полиция қызметкерлерінің барлығын жамандап, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Арамызда өз ісінің шебері, талай күрмеуі қиын қылмыстық істерді шешіп, абыройға бөленіп жүрген азаматтар да жетерлік. Сондай азаматтар қатарынан мен учаскелік полиция инспекторы аға лейтенант Сәбит Сатқанбаевты, шиелілік жедел уәкіл полиция аға лейтенанты Әскер Тұрлыбековты, қызылордалық патрульдік полицей аға сержант Ерлан Құрманқожаевты атап өткен болар едім.
Өз кезегімізде біз де жеке құрам арасындағы заңдылық пен тәртіпті сақтау, сыбайлас жемқорлықпен күресу мәселесін үнемі бақылауымызда ұстап келеміз. Қызметкерлерге тағылымды тәрбие беру жұмыстарына департаменттегі Ақсақалдар, офицерлік, полицейлік, әйелдер және тәлімгерлер кеңестерінің мүмкіншілігін кеңінен пайдаланудамыз. Ардагер-ағалар жас қызметкерлермен мол тәжірбиелерімен бөлісіп, ақылын айтса, офицерлік кеңестерде офицерлік шенге дақ түсірмей, адал қызмет ету жағы айтылады. Сондай-ақ департаментте полицейлер қызметін бақылап отыратын, мүшелері маслихат депутаттары, кәсіпкерлер және басқа да зиялы қауым өкілдері болып табылатын Қоғамдық кеңес жұмыс жасауда. Осының өзі қазақ полициясының өз халқының қорғанына айналып, қатарына ұлтын, жерін, ондағы азаматтардың конституциялық құқығын сақтай білетін, қадір тұтатын адал қызметкерлерді іріктеліп алынып жатқанының дәлелі деуге болар.
- Таяуда Арал ауданының учаскелік полиция инспекторлары Сексеуіл кентінің бір топ тұрғынын өрттен аман алып қалғандары үшін Елбасының Жарлығымен «Ерлігі үшін» меделімен наградталды. Кейде тәртіп саққшыларының ролі осылайша құтқарушы рөлімен ауысып кетіп жататынына қалай қарайсыз?
- Негізінен адамдарды тілсіз жау - өрттен құтқарумен соған бейімделген, арнайы құрал-саймандары бар машықтанған мамандар айналысуы керек. Алайда аяқ астынан айтпай келген апатпен бетпе бет кездесіп қалған сәтте бір мезет те күтудің қажеті жоқ және дереу әрекет ету керек.
Полиция нысанды киімін киген әрбір адам бұл қызметті таңдағанда қызықты да беделді қызмет таңдадым деп қана қоймай, сонымен бірге бұл сала өте қауіпті екенін де түсінуі қажет. Полиция қызметкерінің парыздарының бірі - кез келген жағдайда халыққа көмекке келу болып табылады. Әрине өздерінің өмірлеріне қауіп төнсе де, осы қызметтерін адал атқарып жүрген қызметкерлерімізді бізде мақтан тұтамыз. Айта кету керек, мұндай оқиға бірінші рет орын алып отырған жоқ. Президент атынан медаль таққан аралдық қос офицер - Мұхаметрашид Кәбетов пен Мәди Жұмалиевтер сынды өткен жылы дәл осылайша өз өміріне қауіп төніп тұрса да, бір топ адамды оттан құтқарған қызылордалық патрульдік полицей Бектұр Сәтенов те осындай ерлік жасағанын атап өтуге болады. Облыс орталығындағы Айтеке би көшесінде орналасқан үйде газ құбыры жарылып, өрт болғанда оқиға орнына бірінші болып жеткен біздің полицей еді. Ол өртке оранған пәтерлерден балалар мен әйелдерді құтқарып, тұрғындарға сыртқа шығуға көмектескен болатын. Осы ерлердің орнында ішкі істер органдары қызметкерлерінің қайсы бірі болса да, дәл солай әрекеттенер еді деп ойлаймын. Өйткені, біздің қызметіміз сондай - азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және біздің көмегіміз бен қорғанышымызды қажет еткен жандардың жанынан өтіп кетуге біздің қақымыз жоқ.
-Әңгімеңізге рахмет!