«Сырдария арнасын реттеу және Арал теңізін сақтау» бағдарламасының жүзеге аса бастауы аймақта балық шаруашылығын дамытуға серпін беріп отыр

ҚЫЗЫЛОРДА. 30 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - «Сырдария арнасын реттеу және Арал теңізін сақтау» (САРАТС) бағдарламасы бірінші кезеңінің аяқталуы аймақта балық шаруашылығын дамытуға серпін бере бастады.
None
None

Осы кезеңде өңірде экологиялық жағдай тұрақтанды. Арал теңізінің деңгейі 42 метрге дейін көтерілді. Соның арқасында Кіші Арал теңізі қалпына келіп, балық қоры молайып, халықтың игілігіне айналды. Ал жоғалып кеткен балықтың 25 түрі қайта жанданды. Бұл туралы Арал-Сырдария облысаралық балық шаруашылығы бассейіндік инспекция бастығы Әли Мұса Қожағұл айтып берді.

- Әли Мұса Айжарықұлы, инспекция жұмысымен таныстырып өтсеңіз.

- Арал-Сырдария облысаралық балық шаруашылығы бассейіндік инспекциясы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің құрамдас бөлігі болып табылады. Инспекцияның міндетіне балық шаруашылығы мәселелері бойынша мемлекеттік және өңірлік саясатты, стратегиялық жоспарларды, мемлекеттік, салалық және өзге де бағдарламалар мен жобаларды іске асыруды қамтамасыз ету, балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғауға, өсімін молайтуға әрі пайдалануға және балық шаруашылығын жүргізуге мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету, балық шаруашылығын басқаруды және балық аулау мен балық өсіру-өсімін молайту жатады. Біздің бақылауымыз Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының аумағындағы Шардара су қоймасынан Аралға дейінгі халықаралық көлдер мен өзендер жүйелерін қамтиды. Оның ішінде Қызылорда облысы бойынша 7 аудандағы балық шаруашылығы үшін маңызы зор жалпы көлемі 41,075 мың гектар көл, халықаралық маңыздағы ұзындығы 820 шақырым Сырдария өзені және 320,0 мың гектарды құрайтын Кіші Арал теңізі кіреді.

- Үстіміздегі жылғы жетістіктердің өлшемі қандай?

- Бірден айтып қояйық, біздің жетістіктеріміз САРАТС жобасының бірінші кезеңі аяқталуынан бастау алады. Осының арқасында балық аулау 400 тоннадан 600 тоннаға дейін артты, тұқымы жойылып кеткен 25 түрлі балық тұқымы қалпына келтірілді. Көкарал су тоспасы, Әйтек құрылыстар кешені, Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеттері салынып, Қызылорда және Басықара су тоспалараның су өткізу мүмкіндігі жоғарылады. Кіші Арал теңізі қалпына келіп, балық қоры молайып, халықтың игілігіне айналды. Сырдария өзенінің қыс кезіндегі су өткізу қабілеті 650-700 текше метрге дейін өсті. Кіші Арал теңізінің көлемі қазіргі таңда 350 мың гектардан асады. 2000 жылы бұл акваториядан 400 тонна тек камбала балығы ауланса, қазіргі таңда 4500 тоннадан астам әртүрлі бағалы балықтар алынуда.

Облыс бойынша 632 балық аулаушысы бар 161 бригада жұмыс істейді. Олар 119 катермен қамтамасыз етілген. Биылғы жылдың 13 маусымында Солтүстік Арал теңізінде өз күшімізбен тұңғыш рет облыс балықшыларының күнін өткіздік. Шарада балықшылардың өткені мен бүгінін салыстыратын көрме ұйымдастырдық. Оған қатысушылар балық аулаудың бұрын қолданылған құралдары мен қазіргі құрал-жабдықтарын көрді. Жалпы, инспекция бойынша, екі облысты қосқанда, 8 мың тонна балық аулау жөнінде мемлекеттік тапсырыс бар.

- Алдағы уақыттағы жоспарларыңыз жөнінде на айтасыз?

- Біздің алға қойған басты міндет әртүрлі балық санын арттыру, оның ішінде Кіші Арал теңізіне бүгінгі таңда Балқаш көлінде өмір сүріп жатқан Арал тісті балығын қайта әкелу болып отыр. Сонымен қатар, балықтың әртүрлі өнімдерін дайындап, қазіргі заман талабына сәйкес өңделген сапалы балық өнімдерін өзіміздің елге, одан әрі Еуропа мен Азия елдері нарығына тікелей шығару көзделуде. Бұдан да басқа міндеттер бар, олардың орындалу барысында көрерсіздер деп ойлаймын.

- Әңгімеңізге рахмет.

Соңғы жаңалықтар