Сыртқы-экономикалық қызметке арналған бірыңғай электрондық терезе жүйесі іске қосылады - Б.Жәмішев
АТЫ. 12 наурыз. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Кедендік рұқсат беру құжаттарын алуды оңтайландыру үшін Сыртқы-экономикалық қызметке (СЭҚ) арналған бірыңғай электрондық терезе жүйесі іске қосылады.
Бұл туралы бүгін Алматыда «Жетісу» аймақтық шекаралық мониторинг орталығының ашылуында ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев айтты.
Оның сөзіне қарағанда шекарадан өткен соң, кедендік рәсімдеу аяқталмайды, рәсімдеу кедендік бекеттер мен өтпелерден тыс жерлерде де жүзеге асырыла береді. «Бұл бағытта министрлік үлкен жұмыстар атқаруда. ҚР Премьер-Министрінің жетекшілігімен арнайы комиссия құрылуда. Бұл комиссия СЭҚ қатысушыларына бірыңғай электрондық терезе жүйесін қалыптастыруды жүзеге асырады»,- деді ол.
Министр қазіргі кезде СЭҚ қатысушылары кедендік декларациядан бөлек түрлі министрліктер мен ведомстволардан 17 түрлі құжат жинауы тиіс. «Бұл үлкен еңбекті қажет етеді. Біздің мақсат- осының бәрін бір құжатқа жинау. Енді СЭҚ қатысушылары өз кеңсесінде отырып, рұқсат құжаттарын алу үшін өтініш бере алады. Бұл «терезе» жүйесінің тұжырымдамасы сәуір айының басында ҚР Үкіметінің отырысында таныстырылатын болады»,-деді Б.Жәмішев.