Табиғатқа деген құрмет әр отбасыдан басталады – эко-тренер
АСТАНА. KAZINFORM — Балаға экологиялық әдетті қалыптастыратын – ата-ана. Экологиялық мәдениет балалық шақта қалыптасатын дағдылардан басталады. Бұл туралы эко-тренер Дария Ғалымжанқызы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында айтты.
Дария Ғалымжанқызы 2009 жылдан бері экологиялық бағытта жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде ол экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған бірқатар жобаларды жүзеге асырған.
— Осы уақыт ішінде шығармашылық студия ашып, балаларға экологияны арт-терапия арқылы түсіндіруді жолға қойдым. Қалдық материалдардан түрлі бұйымдар жасаймыз. Балаларға шығармашылық тәсіл арқылы суды үнемдеу, энергияны үнемдеу сияқты экологиялық мәселелерді қарапайым тілмен түсіндіремін. Осы бағытта арт-эко сабақтар өткізіп келемін, - деді ол.
Оның айтуынша, оған ересектерге қарағанда балалармен жұмыс істеу жеңілірек.
— Ересектермен салыстырғанда балалармен тіл табысу жеңілірек. Олар алғыр, қызығушылығы жоғары. Әр айтқан ақпаратты таңданыспен қабылдап, бірден сұрақ қойып, белсенділік танытады. Қоқысты не үшін сұрыптау керек, оны қалай бөлеміз — осының бәрін түсіндіргенде олар мұқият тыңдайды, - деді эко-тренер.
Спикер сөзінше, 15 жыл бұрын экология туралы әңгіме аз болса, бүгінде бұл тақырыпты адамдардың өздері көтеріп, күнделікті өмірде қолдана бастаған.
— Бұрын экология туралы айтылса, тек мамандардың тақырыбы сияқты көрінетін. Қазір адамдар полиэтилен пакеттерді қайта қолдануға немесе мүлде бас тартуға тырысады, экошоперлер пайдаланады, қалдықтарды бөлек жинауға мән береді. Көпшілік экологиялық ақпаратты өздері іздеп, эко сауатын арттырып келеді. Кейде адамдар «экологияға мен қалай үлес қоса аламын, жалғыз өзім не өзгерте аламын?» деген сұрақ қояды. Бірақ кез келген үлкен өзгеріс бір адамның дұрыс таңдауынан басталады. Сондықтан әр адам экологияға үлес қоса алады, тек бастау маңызды, - Дария Ғалымжанқызы.
Айта кетейік, Ұлытау жастары экологиялық мәдениетті қалыптастыруға атсалысты.