Табиғатқа зиян келтіргендер қалай жазаланбақ — Пономарев

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің жаңа Конституция жобасында экология мәселесі мемлекеттік саясаттың ең жоғары деңгейіне көтерілді. Парламент Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев жаңа жобадағы өзгерістер табиғатты аялауды қатаң заңдық талапқа айналдыратынын жеткізді.

Қоршаған орта, табиғат
Фото: Gov.kz

Депутаттың айтуынша, экология мәселесі тек сенбіліктермен шектелмейді. Жаңа Конституцияның 37-бабында азаматтардың табиғатты сақтау және оның байлықтарына ұқыпты қарау міндеті нақтыланған.

— Біз ондаған, тіпті жүздеген жыл бойы табиғаттан тек алып келдік. Оны қаздық, бұрғыладық, пайдаландық. Ендігі кезек — оны сақтау. Балаларымыз таза елде өмір сүруі үшін табиғат байлығын мейлінше үнемді әрі ұқыпты пайдалануымыз керек, — деді Пономарев.

Сондай ақ ең өзекті мәселенің бірі — қоршаған ортаны ластайтын ірі кәсіпорындар мен ақпаратты жасыратын лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі. Жаңа заң жобасы бойынша табиғатты ластаған өндіріс орындары мен бұған көз жұмған шенеуніктер заң алдында жауап береді. Адам өміріне, денсаулығына және қоршаған ортаға қауіп төндіретін деректерді жасырған лауазымды тұлғаларға қатаң жаза қолданылады.

Депутат бұл нормалар қабылданғаннан кейін, экологиялық талаптарды реттейтін жаңа заңдар пакеті әзірленетінін айтты.

Бұдан бөлек, мәжіліс депутаты Алматы қаласындағы экологиялық ахуалға да тоқталды. Қазіргі таңда қаланың ауасын тазарту бағытында жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

— ТЭЦ-2 станциясын газға көшіріп, зиянды қалдықтарды айтарлықтай азайтпақ ойымыз бар. Сонымен қатар, қала аумағында дизель мен көмірді пайдалануға қатаң шектеулер қойылып, ауаны ластайтын ескі көліктердің қозғалысына бақылау күшейтілмек, — дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін, конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Серік Егізбаев экологиялық жауапкершілікті ұлттық құндылық ретінде Ата Заңда бекіту қажеттігін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар