Таэквондо шебері Айдана Құмартаева әлемдік серия Гран-при кезеңінің қола жүлдегері атанды
АСТАНА. KAZINFORM – Таэквондодан Қазақстан құрамасының мүшесі Айдана Құмартаева Оңтүстік Кореяның Муджу қаласында өтіп жатқан әлемдік сериядағы Гран-при кезеңінің қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды Ұлттық олимпиада комитеті.
Қазақстандық спортшы 49 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңіс тұғырынан көрінді.
Алғашқы жекпе-жегінде Құмартаева Германия өкілі Супхрада Атеслиді жеңді. Одан кейін қазақстандық спортшы Коста-Рика спортшысы Джейси Бассетттен басым түсті.
Ширек финалда Құмартаева Франция спортшысы Мах Тенинбой Фофанамен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша ол кем дегенде қола медальді қамтамасыз етті.
Жартылай финалда қазақстандық спортшы әлемнің қазіргі чемпионы, Қытай Тайбэйінің өкілі Лю Ю-юнмен кездесті. Жекпе-жек 2:0 есебімен қарсыластың жеңісімен аяқталды. Нәтижесінде Құмартаева үшінші орын алды.
Осыған дейін «Астананың» шабандозы «Вуэльта Испанияда» алғаш рет жүлдеге іліккені туралы жаздық.