Таиланд Қазақстан азаматтарының визасыз жүру мерзімін қысқартты
АСТАНА. KAZINFORM — Таиланд Корольдігі бірқатар елдің азаматтары үшін визасыз жүру мерзімін қысқартты. Бұл ереженің Қазақстан азаматтарына да қатысы бар.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсеновтың айтуынша, Таиланд Министрлер кабинетінің тиісті шешімі 2026 жылғы 15 қыркүйекте күшіне енді.
— Іс жүзінде Таиланд билігі екі жыл бұрын қабылдаған, оның негізінде Қазақстанды қоса алғанда 93 мемлекет пен аумақтың азаматтары үшін бірыңғай 60 күндік визасыз режим енгізілген біржақты шешімінің күшін жойды. Таи тарапы аталған шешімнің күшін жою ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық факторларды ескере отырып, көші-қон саясатын жаңарту қажеттігімен байланысты екенін хабарлады, — деп түсіндірді ресми өкіл елордада өткен апталық брифингте.
2026 жылғы 15 қыркүйектен бастап Қазақстан азаматтарына қатысты бұрын қол қойылған ҚР Үкіметі мен Таиланд Корольдігінің үкіметі арасында жасалған Ұлттық паспорт иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім қолданылады.
Аталған келісімге сәйкес, Қазақстан азаматтары Таиланд аумағында елге кірген күннен бастап, 30 күнтізбелік күнге дейін визасыз жүре алады. Бұл ретте визасыз жүрудің жиынтық мерзімі әрбір 180 күндік кезең ішінде 90 күнтізбелік күннен аспауы тиіс.
— Қысқаша айтқанда, бұдан былай Қазақстан азаматтарының Тайландта визасыз болу мерзімі 60 күннен 30 күнге қысқарады. Осыған байланысты, Таиландқа баруды жоспарлап отырған Қазақстан азаматтарына көші-қон режиміндегі аталған өзгерістерді ескеруді ұсынамыз. Елде 30 күннен астам болу қажет болған жағдайда, тиісті визаны алдын-ала рәсімдеу қажет, — деді Жанболат Үсенов.
Бұған дейін ҚР СІМ ресми өкілі Грузияда рұқсатсыз жұмыс істегендер 5 жылға дейін елден шығарылуы мүмкін екенін айтқан еді.
Оған қоса, Қазақстан азаматтары Индонезияға визасыз саяхаттай алады.