Киберқылмысы үшін іздеуде жүрген хакер Таиландта қолға түсті
АСТАНА. KAZINFORM — Таиландтың кибер полициясы Еуропа мен АҚШ-тағы мемлекеттік жүйелерді бұзды деп айыпталған 35 жастағы ресейлік азаматты ұстады. Америка билігі оны экстрадициялауды талап етіп отыр, деп хабарлайды DW.
АҚШ пен Еуропаның үкімет жүйелеріне кибершабуыл жасады деп күдікке ілінген Ресей азаматы АҚШ-тың өтініші бойынша Таиландта ұсталды. Таиланд билігі күдіктінің 35 жастағы әлемдік деңгейдегі хакер екенін хабарлады. Қазір оны АҚШ-қа экстрадициялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ресейдің Пхукеттегі бас консулы Егор Иванов Ресей тарапы тұтқынға консулдық рұқсат сұрап жатқанын мәлімдеді.
Таиландтың кибер полициясының хабарлауынша, ресейлік 6 қарашада Пхукет аралында ФБР агенттерімен бірлескен операция кезінде ұсталған. Ол 30 қазанда елге кіріп, Таланг ауданындағы қонақүйге орналасқан. Тінту кезінде одан ноутбук, ұялы телефон, криптовалюта әмияндары тәркіленді. Ресей азаматының криптовалютадағы шоттарындағы 14 миллионнан астам бат (шамамен 432 мың доллар) бұғатталды. Тергеушілердің айтуынша, бұл қаражат кибералаяқтықпен байланысты болуы мүмкін.
Күдіктінің аты-жөні ресми түрде жарияланған жоқ. Дегенмен, «Вот так» басылымы ФБР дерекқорында киберқылмысы үшін іздеуде жүрген 35 жастағы бір ғана ресейлік азаматтың есімі бар екенін атап өтті. Ол Мурманск облысының тумасы, Ресей Бас штабының Бас барлау басқармасының аға лейтенанты Алексей Лукашев.
ФБР жазбаларына сәйкес, Лукашевтың 2016 жылғы АҚШ президенттік сайлауына араласу және Демократиялық партияның серверлерін бұзу ісіне қатысы бар. Оның есімі осы іс бойынша 12 айыпталушының қатарына енген.
Айта кетейік, хакерлер Bybit криптовалюта биржасынан 1,5 млрд доллар ұрлап, ең үлкен цифрлық ұрлық жасады.