Таиландтан 8,8 келі есірткі әкелмек болған қазақстандық 16 жылға сотталды
АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда Таиландтан ірі көлемде есірткі тасымалдамақ болған 22 жастағы Қазақстан азаматшасы 16 жылға бас бостандығынан айырылды.
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны аса ірі мөлшердегі есірткі заттарының контрабандасы және заңсыз айналымы үшін кінәлі деп тапты.
— Бойжеткеннің ақшалай сыйақы үшін Қазақстанға жалпы салмағы 8,8 килограмм каннабис сығындысы салынған екі чемоданды жеткізуге келіскені анықталды. Контрабанданың жолы ол Алматы әуежайына ұшып келген бойда бірден кесілді, — делінген хабарламада.
Прокуратура ескертеді: әлеуметтік желілерде таралатын «оңай табыс» пен тегін саяхат туралы ұсыныстар жиі халықаралық есірткі схемаларының бір бөлігі болып табылады. Қылмыстағы рөліне қарамастан, оған қатысу қатаң қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Үкім заңды күшіне енді.
Айта кетелік есірткі контрабандасымен айналысқан астаналық 16 жылға сотталған еді.