Тақырдан су шығарады - Павлодар облысы
- Мал-жан аман, енді геологтар жер қазып, су шығарып береміз деген еді, оны, әрине, қуана, асыға күтеміз. Ауылдарға ең керегі су мен жол ғой, сонда халық орнығып осы жерлерде қала береді, - дейді ауыл тұрғындары.
Ал бұған Тақырдың су қорын зерттеуге келген «Павлодар гидрогеология» ЖШС геолог мамандары тереңдігі 50 метр шамасында неогенді су белдеу деңгейі, ал тереңдігі 200 метрге дейінгі қабатта палеогенді су белдеу деңгейінде су қоры бар деп жақсы мәлімет беруде. Гидрогеологтар Тақырдың су қоры 25 жылға жетеді деп болжайды. Ұңғыма секундына 12 литр су бермекші. Ауылдың оған деп қажеттілігі секундына 4 литрді құрайды деп есептеп, жобалап та қойыпты.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мәліметінше, жерасты сулары қорын барынша пайдалану мақсатында тұщы су көздерін зерттеу жұмыстары қолға алынды. Бүгінде 396 ауылдың 110-ында жерасты су қоры бары анықталыпты. Сондай-ақ, Ақтоғай ауданының - 5, Екібастұздың - 7, Ақсудың 3 ауылына жаңа бағдарлама бойынша жерастынан су шығарылып беріледі деп күтілуде. Ал басқарма мамандары ұңғыманы қазу және зерттеу ұзақ уақыт жүргізілетіндіктен, барлау жұмыстарын 2017 жылдың соңында бітірмекші.