Талдықорған тұрғыны TikTok эфирінде әдепсіз сөздер айтқаны үшін жазаланды
АСТАНА. KAZINFORM — Талдықорғанда TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир кезінде қоғамдық әдеп нормаларын бұзған тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жетісу облысының полиция департаментінің қызметкерлері жүргізген мониторинг кезінде TikTok желісіндегі тікелей эфир кезінде бейәдеп сөздер айтып, қоғамдық әдеп талаптарын бұзған азамат анықталған.
Құқық бұзушы Талдықорғанның 44 жастағы тұрғыны Гүлмира Қасенова болып шықты. Тексеру кезінде оның бұған дейін де осындай құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды.
Алайда ескертуге қарамастан, ол заң талаптарын қайта бұзған. Жиналған материалдар сотқа жолданып, сот қаулысымен оған әкімшілік жаза ретінде айыппұл салынды.
Полиция интернеттегі құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жұмыстары тұрақты жүргізілетінін еске салды. Заң талаптарын бұзған азаматтарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда заңғы қайшы контент таратқан 9 стример жауапқа тартылғанын жазғанбыз.