Талдықорғанда полицейлер суицидтің алдын алды
АСТАНА. KAZINFORM – Талдықорған қаласының полицейлері сегізінші қабаттан секірмек болған 20 жастағы жігітті құтқарып, қайғылы оқиғаның алдын алды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің өңірдегі тілшісі.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, 20 жастағы жас жігіт сегізінші қабатта тұрып, өзіне қол жұмсамақ болған.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері Дулат Мақсатов пен Батыржан Әбілқан жедел жеткен. Олар жігітпен жақынырақ сөйлесіп, қолдау сөздерін айтып, оны сабырға шақырып, қайғылы жағдайдың алдын алды.
– Полиция қызметкерлерінің сауатты, батыл әрі дер кезінде қабылдаған әрекеттерінің арқасында қайғылы оқиғаға жол берілген жоқ. Медициналық қызметкерлер келгенге дейін полицейлер жас жігіттің жанында болып, оған қажетті қолдау көрсетіп, жағдайды бақылауда ұстады, – деп хабарлады полициядан.
Жедел жәрдем бригадасы келгеннен кейін жас жігіт одан әрі тексеру мен қажетті көмек көрсету үшін медицина қызметкерлеріне тапсырылды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Атырауда 14 жастағы жасөспірімнің сауда-ойын-сауық орталығында биіктен секіріп, шатырды тесіп өткені хабарланған.