Талдықорғанның қақ ортасында ер адамды танысы пышақтап өлтірді
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Талдықорғанда таныс адамдар арасында болған жанжалдан кейін бір адам қаза тапты.
Оқиға жайлы ақпарат әуелі әлеуметтік желілерде тараған.
Ондағы мәліметтерге қарағанда, адам қарасы қалың жерде жастар арасында жанжал шығып, олардың бірі екіншісін пышақтап кеткен.
Жетісу облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
— Алдын ала мәлімет бойынша, 30 наурыз күні кешке таныс адамдар арасында жанжал шығып, арты төбелеске ұласқан. Сол кезде жәбірленуші пышақ жарақатын алып, сол жарақаттан көз жұмды, — деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиғадан кейін күдікті қашып кеткен. Алайда жедел іздестіру шаралары барысында ол көп ұзамай ұсталды.
Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында бір топ адам арасында жанжал болып, арты төбелеске ұласқанын жазғанбыз.
Оқиға кезінде полиция қызметкерлері ескерту ретінде аспанға қарата оқ атқан.