Талдықорғанда ауыл шаруашылығы техникалары тапсырылды

«Жетісу» ӘКК Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен құны 1 млрд. теңге болатын жоба жүзеге асырып жатыр. Бұл жобада сервистік-дайындау орталықтарының (СДО) базасында МТС-тар құру үшін Кеден одағы елдерінен және алыс шет елдерден арнайы техникаларды сатып алу қарастырылған. Жоба аясында Қаратал, Көксу, Ескелді және Сарқан аудандарында 6 СДО құрылған. Бүгінгі күні 32 трактор, 11 комбайн, 6 тиегіш техника, 72 аспалы және тіркеме техника сатып алынды. Бұл арнайы техникалар қаржылық лизингіге жеңілдікпен берілді.
Естеріңізге сала кетсек, 2011 жылдың наурызынан 2015 жылдың мамыр айына дейін облыстың 10 ауданында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге сервистік, агротехникалық, жабдықтау және басқа да қызметтер көрсетуді ұйымдастыру үшін 18 СДО құрылған болатын. Сол сияқты 3 млрд. теңгеге жуық қаражатқа 500 бірліктен астам ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынған еді. Сөйтіп, облыста шаруа қожалықтарын ірілендіруге, қант қызылшасы өндірісін одан әрі дамытуға жағдай жасалып отыр. Осы орайда СДО-лар ауыл шаруашылығының дамуы мен көрсеткіштерінің тұрақты өсуіне едәуір ықпал етуде.