Талдықорғанның 160 мыңыншы тұрғынына сертификат тапсырылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласының әкімі Ермек Алпысов облыс орталығының 160 мыңыншы тұрғынының ата-анасын құттықтады.
None
None

25 мамырда дүниеге келген Алтынай Дастанқызы Мақұлбекова Талдықорған қаласының 160 мыңыншы тұрғыны атанды. Алтынайдың ата-анасы Дастан Мақұлбеков пен Назерке Мырзаханова 2013 жылдың күзінде шаңырақ көтерген.

«Бұл қаламыз үшін маңызды оқиға, - дейді қала әкімі. - Талдықорған тарихында алғаш рет қала тұрғыны 160 мыңдық көрсеткіштен асты. Жас ата-аналарды, сәби сүйгенімен шын жүректен құттықтаймын. Алтынай дені сау, ақылды қыз болып өсіп, биік белестерді бағындырсын».

Қала басшысы бақытты ата-анаға олардың қызы 160 мыңыншы тұрғын екенін растайтын сертификат пен балаға арналған арба және конверт ұсынды.

Сәбидің ата-анасының екеуі де 1990 жылдың тумасы, ҚазМУ түлектері. Отағасы Дастан - жеке кәсіпкер, Назерке декрет демалысына дейін жеке компаниялардың бірінде кеңсе менеджері болып жұмыс істеген.

Атап өту керек, Талдықорғанда «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы сәтті жүзеге асып келеді. Жоба аясында облыс орталығындағы жас отбасылар баспанаға қол жеткізе алады. Осылайша, Жаңа жыл қарсаңында 120 жас жанұя пәтер кілтіне ие болды. Қала басшысының сөзіне қарағанда, бұл дәстүр ағымдағы жылы да жалғасын табады.

Соңғы жаңалықтар