Талғар қаласында қазақ-түрік лицейі ашылды
АСТАНА. 20 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облысына қарасты Талғар қаласында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған 480 орындық және 300 адамдық жатын орны бар қазақ-түрік лицейінің салтанатты ашылуы өтті.
Салтанатты ашу рәсіміне ҚР Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов, Алматы облысының әкімі А. Мұсаханов, түрік тарапынан Түркия Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бекир Боздаг, Түрік Парламентінің депутаттары, Қазақстанның мемлекеттік органдарының, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
Лицей құрылысы Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVII сессиясында берген тапсырмасын орындау мақсатында әлеуметтік жауапкершілік және ҚХА мүшелерін қоғамды әлеуметтік жаңартуға, әлеуметтік-мәдени мақсаттағы нысандардың құрылысына, елді мекендердің тұрғын үй-коммуналдық бағдарламаларын іске асыруға тарту аясында іске асырылды.
Әлеуметтік жаңару саласындағы осы жобаны ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шаралар аясында Түркиядан шетелдік әлеуметтік инвестиция тарту арқылы «Ахыска» Қазақстан түріктерінің қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі іске асырды.