Талғардағы оқиға: полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігіне байланысты іс қозғалды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – 2025 жылғы 6 қыркүйекте Алматы облысының прокуратурасы Талғар аудандық полиция басқармасы қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 370-бабының 4-бөлігі («Лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігі») бойынша қылмыстық іс қозғады.
Ведомствоның мәліметінше, оларға кәмелетке толмаған қызды ұрлап әкетіп, ер адамды өлтірген күдіктіні уақтылы ұстау үшін шараларды қабылдамаған деген айып тағылып отыр. Қайғылы оқиға Талғар ауданы Қызылқайрат ауылында болған.
Бұл істі арнайы прокурорлар өндірісіне алды. Қазір тергеудің барысы облыс прокуратурасының ерекше бақылауына алынды.
Прокуратура жалған ақпарат таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті. Сондай-ақ ресми дерек көздерге ғана сенуге шақырады. Басқа мәліметтер ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
Еске салайық, бұған дейін Талғарда ер адамды атып, екі жастағы қызды ұрлап, қашып кеткенін хабарлаған едік.
Кейін полицияның арнайы жасағы қызды босатып алды. Бала анасымен қауышты, ал күдікті ұсталды.
Тергеу мәліметінше, күдікті мен қыздың анасы бұрын жақын қарым-қатынаста болған. Араларында жанжал шығып, ер адам әйелдің – ағасын мылтықпен атып тастаған. Ол алған жарақатынан сол жерде көз жұмған. Одан кейін күдікті кішкентай қызды алып қашқан.
Кісі өлімі және бала ұрлау дерегі бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Кейінірек адвокат Гауhар Сәриева Талғарда ұрланған қызға ота жасалғанын айтты.