14:08, 01 Наурыз 2009 | GMT +5
Таллинде ҚР елшісі Ғ.Қойшыбаев Эстония Республикасының Президенті Т.Ильвеске сенім грамотасын табыс етті
АСТАНА. Наурыздың 1-і. ҚазАқпарат - Таллинде ҚР Елшісі Ғалымжан Қойшыбаев Эстония Республикасының Президенті Тоомас Ильвеске сенім грамотасын табыс етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Кадриорг Сарайындағы салтанатты шарадан соңғы әңгімеде, Қазақстан дипломаты Эстония Президентіне Қазақстанның қазіргі дамуы, біздің еліміздің сыртқы саясаттағы маңызды бастамалары, «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының негізгі қағидаттары туралы хабардар етті. Сондай-ақ, Елші ҚР мен Еуроодақ арасындағы әріптестік туралы жаңа келісім жасау туралы ұсыныс жасағанда, Қазақстан бұл мәселе жөнінде Еуроодақтан, оның ішінде Эстониядан қолдау күтетінін айтты. Екі елдің өзара саяси байланысы деңгейінің жоғарылығын, екіжақты сыртқы байланыстың белсенділігін атап өткен Ғ.Қойшыбаев, экономикалық байланыстардың да дамып келе жатқандығына назар аударды. Президент Т.Ильвес Қазақстан мен Эстония арасындағы әріптестік қатынастың сипатына, кең ауқымдағы саяси және әлеуметтік мәселелер жөніндегі өзара түсіністікке, сондай-ақ, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығына тоқтала отырып, қазіргі қалыптасып отырған деңгей екі елдің мүмкіндігіне сай емес екендігін атап өтті. Осыған байланысты ол бірқатар тиімді бағыттарды атап өтті, олар ? транзиттік-көлік саласындағы әріптестік, оның ішінде Таллин және Силламяэ айлақтарының мүмкіндіктері, энергетика, мемлекеттік басқаруға жоғары технологияларды енгізу, білім беру және медицина салалары.Эстония президенті Қазақстан мен Еуроодақтың жақындасу үдерісіне өз елінің қолдау көрсетуге дайын екендігін, «Еуропаға жол» бағдарламасының жүзеге асырылуын, сондай-ақ, біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ға алдағы уақытта төрағалық етуін жақтайтынын жеткізді. Сұхбат соңында ол, Президент Н.Назарбаевқа денсаулық пен табыс, ал Қазақстан халқына ырыс пен гүлдену тіледі.